Жазира Жадықова: «Жасым 50-ге келген кезде өзіме мүлдем таныс емес жұмыспен айналыстым»

Мектеп директорынан әлеуметтік желінің жұлдызына дейін

    поделиться
Автор: Нурлан Нұрыш 26-01-2022

 

Фото: жеке архив

50 жасқа дейін білім саласында еңбек етіп, өңірдің беделді мұғаліміне дейін қызмет еткен бүгінгі кейіпкеріміздің өмірін өзгерткен қандай оқиға?

Жазира ханым, 3 жылдан астам халық  сізді әзілкеш (вайнер) ретінде таниды. Вайнға қалай келдіңіз?

- Есімім Жадықова Жазира, zhazok_vines лақапатымен инстаграм желісіндегі өз парақшамда вайн түсіремін, блог жүргіземін. Бір минуттан аспайтын қойылымдарда адам бойындағы кейбір қылықтар мен ауылдың қызықты жайттарын әзілмен баяндаймын, көрермендердің көңіл-күйін көтеремін, аз уақытқа болса да күлкі сыйлаймын, барлық дерлік вайндарымның астарына тәрбиелік мән беруге тырысамын.

- Парақшаңызды жалғыз өзіңіз жүргізесіз бе?

- Блогты туған сіңлім Дариғамен жүргіземін. Ол парақшамыздың техникалық, қаржылық жағын қамтамасыз етеді, мен шығармашылық бағытқа жауаптымын. Дариға Мәскеу университетінің СММ кәсібінің бакалавры,  сырттай оқып бітірді. Мен бірнеше курстар тәмамдап, видеоның монтажын, стористарды көркемдеуді үйрендім.Бір әке-шешеден шыққан бес ағайынды: 4 қыз, 1 ұлмыз, барлығымыз татумыз, тығыз араласамыз, алайда ең кіші сіңліммен арамыз 16 жас болса да бір бірімізді сөзсіз түсінеміз, ойымыз бен ісіміз бір жерден шығады.

Мен негізінен саясат, дін және білім саласына қатысты вайн түсірмеймін

- Ата-ана туралы айттып берсеңіз...

- Мен ата-бабасы ұстаздық қызмет жасаған мұғалімдердің әулетінен боламын. Атам мен анам – Құрметті ұстаздар. Әкем инженер, бірақ ол да жоғары математика - Сапроматтан МГУ студенттеріне сырттай лекция беретін. Мектепті бітірген мезетте ата-анама актриса болуды армандайтынымды айтқан едім, олар үзілді-кесілді қарсы болып, келісімдерін бермеді. Содан ата жолымен мұғалімдік кәсіптің жоғарғы оқуын тәмамдадым. Ұстаз болдым, отбасы құрдым, білім саласында басқарушы міндеттерін атқардым. Бұл салада жан-тәніммен, шығармашылықпен жиырма жылдан аса қызмет атқардым, оқушылар мен ата-ана, басшылықтың құрмет, мадақ, марапаттарына ие болдым.

Осыдан бес жылға жуық уақытта жолдасым өмірден озды, ауырып, қатты сырқаттанғанда жанында болдым, ем-доммен бірге материалдық қиындықтар келді. Мен қызметімнен өз еркіммен өтініш жазып шығып кеттім. Жұмыс істегім келген жоқ, күйзеліске түстім. Бар қызығым – мені сол қалпымнан шығаруға тырысып, баққан анам (әкем жолдасымнан бір жыл бұрын көз жұмды), бауырларым, балаларым мен достарым үнемі жанымда болды. Сондай күндердің бірінде дастархан басында сіңлім Дариғамен сыр шертіп отырып, кішкентайымнан аңсаған, алайда үй, жұмыс, бала-шаға қамымен ұмытылған арманым есіме түсіп бөліскенмін. Сол күні Дариға маған: «Оның еш қиындығы жоқ, инстаграм бар емес пе», – деп, парақша ашып, вайн салдық.

- Алғашқы вайн түсіріп, танымалдылығыңыз арта түскендегі туысқандар, көршілер тарапынан түсініспеушілік болды ма?

- Әрине, шығыс, әсіресе қазақ әйелдеріне тиым салу мен «ұят боладысы» көп. Блогымда анайы қылықтар мен ұятқа жақын сөздер жасалмайды, қаным, дінім мен мамандығыма – педогогикаға сай келмейтін сөз, қимылдарға шектеулер қойғанмын. Бірақ, вайндарда қазақ әйелінің «ұят», «олай болмайды» өте қатты ұстанудың да қажетсіз. Әр адамның өмірі құнды, сондықтан оны толықтай, өмірдің берген мүмкіндерін пайдаланып, көңілді, бақытты (шектен шықпай) өткізуге шақырамын. Содан болар маған бұрынғы шәкірттерім, қызметтес болған әріптестерім, көрші мен туған-туыстарым керемет қолдау көрсетуде. Жариялаған әр видеома лайктары мен комментарийларын аямайды, ол үшін менің алғысым да шексіз.

- Карантин уақытындағы статистикаңызды айтып беріңізші? Оқырманның саны нешеге дейін артты?

- Менің танымалдылығымның бірден өте артуы карантиннің бастапқы кезеңі наурыз, сәуір айларына түсті. Бұрын-соңды кездеспеген жағдай: халық үйлеріне қамалды, үйренген күнделікті тіршілік сарыны өзгерді, ертеңгі күнге алаңдау мен қобалжу  басталды. Біз ойландық. Өз міндетімізді арттығымен орындау көзделді. Індетке дейін  аптасына 3-4 вайн салсақ, карантинде күнде бір вайн, қызықты сторис түсіріп, жариялау жоспарланды. Ол кезде парақшаның 185 мың оқырманы, апта сайын 6-12 мыңға арта бастады. Covid-пен ауырғандар көптеп қарап, көңіл-күйлері көтеріліп, «мені сырқатымнан арылуға септігіңіз тиді, рахмет» деген хабарламалар көптеп келе бастады, одан қалса дәрігерлерден: «Сіздің вайндарыңызды адамдар палаталарымен көріп, қарқылдап күлуде, көңіл сыйлағаныңызға алғысымыз көп», – деген жекеме хаттар көптеп түсті

- Қандай бағытта вайн түсірмейтін едіңіз?

- Мен негізінен саясат, дін және білім саласына қатысты вайн түсірмеймін.

Аллаһ берген өмір керемет сый. Бағалай білейік

- Вайндарыңыздың көбісі орыс тілінде. Бұл орыс тілді аудиторианың көбінен бе? Алдын ала ойластырылған медиа-жоспар ма?

- Алғашында контент қазақ тілді оқырмандарға арналып түсірілді. Қазақ тілділердің арасында видеоларым қолдау таппады. Керінсінше, тек ТМД емес, дүние жүзінің түкпір-тұкпіріндегі орыс тілді оқырмандар көптеп қарап, орысша түсіруді өтініп қолқа салды. Сұраныс қанағаттандырылды, мен вайндарды орыс тілінде түсіруді бастадым, көрермен саны көбейді. Дегенмен де, қазақтан шыққан әйгілі адамдар секілді, мен өз тарапымнан ауылдың тұрмысын, әдет-ғұрпын паш етіп, ұлттық құндылықты, рухани дағдыларымызды әлемге паш етіп таныстырудамын.

- Отандық вайнерлердің арасында көбіне инттектуалды әзілді жеткізушілер кемде-кем. Осы салада өзіңізді қалай дамытасыз?

- Кейде терең ойлы, әзілі интеллектуалды вайндар түсіріп көрдім, қарапайым тілмен айтқанда «өтпеді».  Түсінуім бойынша, жұмыстан немесе үй шаруасынан шаршап-шалдығып үйіне келіп, бала-шағасымен қауышып, шәй-тамағын ішіп, жайғасып отырып инстаграм, не ТIkTok ашқан адамға жеңіл ойынмен, оңай тілмен көрсетілген вайндар өтімді. Шаршаған адамға ауыр ойлар, терең тұжырымдардың қажеті шамалы.

- Жалпы, әркімнің өмірінде «жұлдызды сәті» болады ғой. Сіздің жұлдызыңды жарқырата білген сәтті айта аласыз ба?

- Айтып өткенімдей менің «Жұлдызды сәтім» қарантиннің басына келді. Алайда мен өзімді жұлдыз сезінбеймін, өмірімде аса өзгерістер болған жоқ – сол үй, сол тұрмыс. Мені бірнеше телеканалдар мен танымал youtube-жобалар сұхбат алуға шақырған. Сондағы бір жүргізушінің «Вайнер ол кім? Кәсіп емес, жұмыс емес»  деп кекесін айтқаны есімде. Келіспеймін. Бір минуттан аспайтын видеоға ойды, әзілді, ойынды сиғызып, бастаған идеяңды тұжырымдап, көрерменді ішек-сіле қатқанша күлдіртіп, келесі шығарылымыңды күттіріп қою әркімнің қолынан келе бермейді. Блог жүргізу ол білдей бір телеканалдың жұмысымен тең келер қызмет деп санаймын. Дариға екеуміз канал директоры, продюссері, редакторы, оператор, техниктар, монтажёр, менеджер қызметін атқарамыз. Үнемі идея іздеу, көрерменді жалықтырмау, контентті түрлендіру оңай емес.

Өмір өте құнды, бағалай біліңдер!

- Қазіргі таңда 1 млн оқырманыңыз бар. Қай кезде қаржылық тәуелсіз екеніңізді байқадыңыз?

Карантинге шыққан сәтте жарнамаға сұраныс көптеп түсті. Кіші және орта бизнестер жарнама беру арқылы өз табыстарынан айырылып қалмауды көздеді. Өз тарапымыздан көмек ретінде 30, 50% жеңілдікпен жарнама жасап беріп, көмек қолын создым. Менің жеке табысым айына 500 мың теңгеден асты. Дегенмен де, табысымның тұрақты бөлігін блогты дамытуға жұмсадым: техникалық құралдар, жақсы телефон, камера, микрофон сатылып алынды.

Алғашқы жарнамаға тапсырыс Алматы қаласындағы балалардың ойын-сауық орталығынан түсті. 30 мың тг көлеміндегі құнын өздері ұсынды, жасап бердім. Ол кезде көрермен саны шамамен 28-30 мың болатын. Қазіргі таңда вайн бағасы 500 мың тг, баждитып бетке басып «алыңдар, пайдаланыңдар» деген вайн түсіруден аулақпын, ондай вайнда қаралым төмен, сондықтан сұраныс та болмайды. Мен жарнама берушінің тауарын немесе қызметін жанап, сырғытып өтемін. Жарнамалық вайн түсіру уақыты кемінде бір апта: тапсырыс беруші қай образды қалайтынын айтады, мен идея ұсынамын. Содан соң сценарий жазылады, тапсырыс беруші оқып, танысады, қаласа өзгерістер енгізеді. Бекітілген сценарий бойынша видео түсіріліп, монтаждан өтеді, қайтадан тапсырыс берушіге жіберіледі. Екі жақтан да «құба-құп» айтылмай, вайн жарияланбайды. Менің вайндарым 300 мыңнан 2 млн қаралымдар жинайды, меніңше бағасы әділ қойылған.

- «Переставайте страдать. Становитесь счастливым»  деген кредоны ұстанасыз. Сізге кім мотивация береді?

- Өмірде позитивті адаммын, алайда небәрі 1-2 жыл ішінде  болған қиын, қайғылы сәттер мені күйзеліске ұшыратты,  туғандарым мен инстаграм көрермендері бұрынғы позитивті қалпыма қайтарды. Жасым 50-ге тақаған кезеңде өмірімді, қызметімді ауыстырдым, өзіме мүлдем таныс емес жұмыспен айналыстым, көрерменге күлкі сыйлай бастадым. Аллаһ берген өмір керемет сый. Бағалай білейік. Әр күнімізді көтеріңкі көңіл-күймен,  ертеңгі күнге мықты сеніммен өткізуге, адамның жасы – тек паспорттағы цифрлар, өмірді өз қолымызда мықты ұстап, мейлі, күрт өзгеріске ұшырату – керемет өзгерістер мен мүмкіндіктердің нышаны екендігін өз мысалыммен келтіремін. Көптеген адамдар осындай сөздерден соң жігерленіп жатады. Алғыс сөздер жазылған хаттар жекеме толассыз келіп жатады.

- Оқырмандарға айтар кеңесіңіз? Бір сөйлеммен.

- Өмір өте құнды, бағалай біліңдер! Басқа ауыр жағдайлар, келеңсіз оқиғалар түсті ме? Мойымаңдар! Өйткені қараңғы түннің артынан жайдары, ашық күндер күтіп тұр!  

КОММЕНТАРИИ
4
Анар
2022-02-11 11:59:23
Керемет
Шұғыла
2022-02-11 11:59:20
Жазира ханым еңбегіңіз жана берсін дегім келеді. Түсірген вайндарыңыз көңіл көтереді, ал өз өміріңізден өткенмен бөліскеніңіз, күйзелісте жүргендерге мотивация. Сізде шынайылық көп, жалған гламур, көзбояушылық жоқ. Сол себепті қапапайым халыққа жақынсыз. Ауылдық өмірді сол қалпында көрсетесіз. Сондай ақ мұқтаж отбасыларға жасаған көмегіңіз өз алдына бір төбе. Сізге мың алғыс. Өзіңіз, жақындырыңыз аман болсын!
Катира
2022-02-11 11:59:18
Жазира тәтені күнде қараймын, өте қызық, ұнайды, рақмет сізге, жүз жасаңыз!
Бахытжан
2022-02-11 11:59:12
Жарайсыз, керемет жансыз
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Күйзелісті қалай жеңуге және әрі қарай жұмыс істеуге болады?
15-02-2022–

Егер Сіздің бизнесіңіз тонаушылардан зардап шеккен болса, күйзелісті қалай жеңуге болады?

Бизнестегі тәуекел: сәтсіздік қорқынышын қалай жеңуге болады?

Тәуекелге баруды және бәрін жоғалтудан қорықпауды қалай үйренуге болады

Айнұр Умаева: «Бизнеске арналған сиқырлы дәрі – коммуникациялар»

Неліктен бизнесте коммуникация маңызды және корпоративтік мәдениет соңғы қызметке қалай әсер етеді

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!