Шет елде білім алып отырған әлеуметтік кәсіпкермен сұхбат
Біздің кейіпкеріміз ес білгелі мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесумен келеді. Онысы айналасындағыларға үлгі десек қателеспейміз. Ол әлеуметтік кәсіпкер Камила Роллан. Бүгінде Кембридж Университетінің докторанты. КИТ инклюзивті жасөспірімдер клубының және Education For All деп аталатын инклюзивті білім беру орталығының негізін қалаған.
- Камила, әуелі сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымды білдіремін. Әлбетте, өзіңізді әңгімеге тартпас бұрын ғұмырдеректеріңізді зерттеп шықтық. Өмірдің оң-солын енді танып, ересектікке енді-енді қадам басқан 17 жасыңызда жауапты шаруаға бел буыпсыз. Осы жасөспірім шақтан ерекше балалармен жұмыс істеуге не түрткі болды?
- Мен үнемі білім беру арқылы қоғамды игі өзгеріске итермелеп, адамзат баласын алға жетелеуге болатынына кәміл сенетінмін. Әркез әлеуметтік әділдік үстемдік құрған қоғамда өмір сүргім келді. Сондықтан осы саладағы ең алғашқы қадамымды әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларға білім беруден бастадым. Мен және айналама топтасқан еріктілермен балаларға білім беру ісіне белсене араласып кеттік. Сол арқылы оларға мектепте озат болуға, оны тәмамдап университетке түсуге көмектестік. Бұл жоба 2012 жылы басталып, әлі күнге жемісті жұмыс істеп келеді. Жай ғана жоба емес, менің ұстанымдарым мен игілікті қоғамға деген сенімімнің көрінісі іспетті.
- Әлеуметтік кәсіпкер екеніңізді білеміз. Жалпы әлеуметтік кәсіпкер дегенді қалай түсінсе болады? Кәсіптің бұл түрі бастауын қайдан алады?
- Әлеуметтік кәсіпкер қоғамдық мәселелерді, қордаланған қиын істердің шешімін бизнестен тауып береді. Бұл жолдағы жетістік қомақты кіріспен өлшенбейді. Оның өлшемі— қоғамдағы игі, жақсы өзгерістер. Бұл бастама соңғы отыз жылдың ішінде үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігімен байланысты шарықтау шегіне жетті. Негізі көптеген үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік, мәдени не экологиялық мәселелерді шешу үшін жасақталады, бірақ қаржылық тұрақсыздыққа тап болып, гранттар мен қайырымдылыққа тәуелді болып қалады. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік осы мәселенің түйінін тауып, қаржылық дербестікке бастайды.
- Әлеуметтік кәсіпкер, жалпы кәсіпкер деген сөздің өзі ақша табумен сабақтасады. Бұл ісіңіз өзіңіз үшін кіріс көзі деп айтуға бола ма?
- Жоқ, мен үшін әлеуметтік кәсіпкерлік кіріс көзі емес. Біздің инклюзивті орталықта дамуында ерекшеліктері балаларды тегін оқыттық, ал қарапайым мектептерден келген оқушыларға ақылы түрде сабақ бердік, олардың сабақтары қосымша түрінде болды. Осының арқасында азын-аулақ кіріс көрдік, сол арқылы педагогтардың, психологтардың және есепшінің еңбекақысын төледік. Кез келген кірісіміздің барлығы орталықтың керек-жарақтарына, жұмысқа қажетті заттарға жұмсалды. Бұл іс негізі тәп-тәуір кіріс көзі бола алады, бірақ мен ондай мақсат қоймадым.
- Мүмкіндігі шектеулі балалармен педагог, мамандарды айтпағанда ата-аналарының өзі жұмыс істеуге қиналады. Бұл жұмыстан шаршап, қажымайсыз ба? Оңай емес міндетіңізді алып жүруде не қанаттандырады, былайша айтқанда басты мотивацияңыз неде?
- Өз басым ерекше балалармен жұмыс істеу барысында жақсы білім алып, тәжірибемді жетілдірдім. Енді білімімді тәжірибемде қолданып,ата-аналар мен мамандарға көмектесу хоббиім емес,менің әлеуметтік жауапкершілігім деп білемін. Өзімді алға жетелеп, жігер беретін нәрсе ол айналама, қоғамға пайдалы іс істеп, ізгілікке бастау болса керек.
- Ерекше балаларға көмектесу қайырымдылықтың бір түрі десе де болады, қаржылай көмектесетін тұрақты демеушілеріңіз бар ма?
- Негізі дамуында ерекшелік бар балаларға білім беруді қайырымдылық деумен келіспеймін, ондай балалардың дамуына қолдау алу үшін отбасыларда заңдық құқы бар. Сондықтан мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы қоғам алдындағы міндетін орындау болып есептеледі. Ал менің бастамамда әуелгі кезде орталықты жабдықтау үшін демеушілер болды. Бірақ одан кейін өз күшімізбен барлығына қол жеткіздік.
- Инклюзивті білім беру қай елде жақсы дамыған, қандай үздік тәжірибелерді мысалға келтірер едіңіз? Біздің елдегі қалыптасып келе жатқан инклюзивті білім беру ісіне қандай баға берер едіңіз? Нендей кемшіліктері бар?
- Инклюзивті білім беру жайында қозғағанда скандинавиялық елдердің тәжәрибесі, Аустралияның, Америка мен Израильдің тәжірибесі ерекшеленіп тұрады. Қазақстан халықаралық тәжәрибелерді зерттеп, зерделеп барып қолданысқа енгізу барысында. Оқу бағдарламасын жеке балаға жасақтау, отбасыларға түрлі мамандардың тобымен қолдау көрсету, сондай-ақ инклюзивті мәдениет қалыптастыру саласына Қазақстанда ерекше көңіл бөлу керек.
- Инклюзивті білім беретін мамандар жеткілікті ме, оларды дайындау ісі қалай? Мұндай мамандардың жалақысы мардымды ма біздің елде?
- Қазақстанда балалардың бастапқы дамуымен айналысатын мықты мамандар жеткіліксіз, іс-әрекет мамандары, тьюторлар, дефектолог мамандар және басқа да мамандар жетіспейді. Оның басты себебінің бірі мардымсыз жалақы.
- Инклюзивті білімнің бір ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балалардың өз қатарластарының ортасында білім алуында. Ерекшелігі бар балалардың қылықтары, түрлі әрекеттері басқа балалардың мінез-құлқына кері әсер етеді деп ойламайсыз ба?
- Іс-әрккетінде ерекшелігі бар болғандықтан балаларды оқшаулап тастаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әр баланың өзіндік болмысы бар, соған қарамастан қоғамға сіңісіп, барлығымен қатынас орнатып күн кешу балалар мен ересектердің ортақ міндеті. Ал мүмкіндігі шектеулі балаларды оқшаулап, арнайы мекемелерге қамап тастау ушыққан ұлтшылдықтың түсінігі деуге болады. Ал оның қайғылы салдарын барлығымыз жақсы білеміз. Инклюзивті білім беру мен инклюзивті қоғамның ортақ мақсаты — барлығына даму үшін ортақ мүмкіндік ұсына отырып, түсіністікте өмір сүруді үйрету. Инклюзивті ортада білім алып, өсетін балалар бір-біріне қолдау көрсетіп, қатарластарымен жұмыс істеп, ортақ мақсат үшін жұмылып, толерантты әрі ашық болуды үйренеді.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз, әрі мемлекеттен қандай көмек керек?
Бүгінде Кембридж Университетінің докторантурасында оқып жатырмын. Орталық Азиядағы инклюзивті білім беру ісінің реформаларын зерттеу үстіндемін. Жоспарым- оқуымды ойдағыдай аяқтап, Қазақстанға оралып, қоғамға пайдамды тигізу.
Егер Сіздің бизнесіңіз тонаушылардан зардап шеккен болса, күйзелісті қалай жеңуге болады?
Тәуекелге баруды және бәрін жоғалтудан қорықпауды қалай үйренуге болады
Неліктен бизнесте коммуникация маңызды және корпоративтік мәдениет соңғы қызметке қалай әсер етеді
Отбасылық бизнестің пайдасы мен зияны
Бизнесте эмоционалды интеллект не үшін қажет, оны қалай пайдалану және дамыту керек