Алмаз Ержан: «Біз күреске дайын болуымыз керек»

Ел туралы, жұмыс туралы, жоспарлар туралы

    поделиться

 

Фото со страницы Facebook героя

–  Алмаз мырза, сізді қоғам белсендісі ретінде жақсы танимыз. Бүгінде қандай жұмыспен айналысып жатырсыз?

– Бүгінде көп жұмысым «Атамекен» ұлттық палатасының ішінде. Себебі ұлттық палата төрағасының кеңесшісі ретінде жұмыс атқарып жатырмын. Сонымен қатар тек «Атамекенмен» емес, көптеген министрліктермен, парламент ішіндегі сенат және мәжіліс шараларына, заң шығару кеңестеріне де қатысамыз. «Атамекен» палатасының ішінде түрлі кеңестердің ісіне араласамыз. Мүгедектігі бар жандардың кәсіпкерлікпен айналысу мәселелерін қарастырамыз, әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесін көтереміз. Мемлекеттік сатып алуға қатысты түрлі заң бұзушылықтар бар. Осы мәселеге де көңіл бөліп отырмыз. «Бизнес бастау» атты бағдарламамыз бар. Осы бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бизнес ашуына бағыт-бағдар ұсынып, кәсіпкерлік білім беріп отырмыз. Келесі мәселе – қаржы инклюзия мәселесі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бизнес бастауына байланысты жеңілдетілген несие беру мәселесіне аса көңіл бөлудеміз. Қоғамда мүгедектігі бар жандарға несие бермеу керек деген ұғым қалыптасып қалған. Мүмкіндігі шектеулі болса да, қоғамға пайдасын тигізіп, өз ісін алға жылжытып, кәсібін дамытатын болса, неге несие бермеске, неге ол кісілерге осындай мүмкін жасамасқа деген ой туады. Алла жазса, осы жылы болмаса да, келер жылы осы мүмкіндікті жасайтын боламыз. Одан кейінгі мәселе – мүгедектігі  бар жандардың құқығын қорғау және оларға өзге адамдар секілді өзін жайлы сезінуге мүмкіндік жасау, әр мекемені қолжетімді қылу. 

Мүгедектігі бар жандардың кәсіпкерлікпен айналысу мәселелерін қарастырамыз, әлеуметтік кәсіпкерлік мәселесін көтереміз

– Мысалы?

– Мысалы жаңадан тұрғын үй кешендері, дәріхана немесе сауда үйі ашылатын болса, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын ешкім ойлап жатқан жоқ. Үй салғанда болсын, дүкен салғанда болсын, мүгедектігі бар азаматтардың құқығын ойлау керек, оларға жағдай жасау керек. Осы мәселені де «Атамекеннің» ішінен қарастырып жатырмыз. Түрлі құрылыс ассоциациялары бар. Бізде арнайы call центрымыз бар. Кәсіпкерлер үй немесе басқа да ғимараттар саламын десе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жасауға байланысты ақыл-кеңес сұрайтын болса, тегін жауап береміз. Сонымен қатар арнайы чат ашып отырмыз. «Атамекеннің» эксперттері осы чат арқылы мүгедектігі бар азаматтардың көкейіндегі сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ бізде юрчат деген дүние бар. Юрчат арқылы мүгедектігі бар азаматтар заңды тегін кеңестер ала алады. Үкімет үйінің, Кәсіпкерлердің комиссия кеңесінің мүшесімін. Солардың ішінде де біраз мәселелерді көтеріп жүрмін. Бүгінде жұмысым, шынын айтқанда, бастан асып жатыр.

–  «Еламан» әлеуметтік инновациялық жобалар қорының жай-күйі қалай? Қандай жобаларды жүзеге асырып жатырсыздар?

«Еламан» қоры көптен бері жұмысын жалғастырып келе жатыр. Әрине, жұмысын істеп келеді. Бірақ бәрі де қашықтықтықтан жасалып келеді. Себебі қорымыздың бірнеше азаматы ауырып қалды. Өзім де қорқып қалдым. Ертең бірдене боп қала ма деп қорқасың ғой. Сондықтан қызметкерлер офиске бармайды, үйлерінде отырып жұмыс істейді. Біздің сайт inva.kz деп аталады. Facebook әлеуметтік желісінде «Инвалидность Казахстана» деген парақшамыз бар, бес мыңнан астам оқырманымыз бар. Inva.kz – Disability деген парақшамыз да бар. Мұның бәрі – біз атқарып жатқан жобалар. Азаматтарымыз осы парақшаларға контент дайындайды. inva.kz  сайты – бірден-бір мүгедектігі бар азаматтардың мәселесін көтеретін сайт. «Еламан» қоры осындай жұмыстар жасап жатыр. Әрі қарай да дамимыз деген үміттемін. Бірақ бәрі де ақшаға барып тіреледі. Карантин болған соң, қызметкерлеріміздің бәрі үйде отырып жұмыс істеп отырған соң аздап қиындықтар болып тұр. Алла жазса, бұл карантиндік шектеулер біткеннен кейін де бәріміз де офиске жинала бастаған соң керемет жобаларды іске асырамыз деген ойдамын!

–  Мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғап жүрсіз. Қандай өзгеріс бар? Мәселелері оң шешімін тауып жатыр ма?

Иә, әрине, құқығын қорғау оңай нәрсе емес. Себебі бір адамның құқығы ғана емес, жеті жүз мыңнан астам азаматтардың құқығы ғой. Үлкен бір мәселенің бірі – баспана мәселесі. Ғаламтордан да оқып жүрген боларсыз? Әкімдіктен де көптеген қателіктер кетіп жатыр ғой. Қала әкімі он мың пәтер бердік деп мақтанады. Ал  мүгедектігі бар азаматтар арасында он жыл бойы пәтер ала алмай жүрген жандар бар. Сондықтан да бұл өтірігі шынға шығып жатыр. Осы мәселені бүгінде қозғап отырмыз. Үй мәселесі Нұр-Сұлтан қаласында ғана  емес, жалпы Қазақстан бойынша өзекті мәселеге айналып отыр.

Екінші мәселе – жұмыспен қамту мәселесі. Бұл да – үлкен жұмыс. Бұл тек менің қолымнан келмейді. 2.4 %-дық квота бар. Осы квота мәселесін күшейтуді қарастыру басты назарда тұр. Мүгедектігі бар азаматтарды саясатқа тарту мәселесін де қарастырып жатырмыз. Басқа да азаматар саясатқа келсе екен деген ниеттемін. Инклюзия – өте кең ұғым. Мүгедек жандардың баспанасы бар, жәрдемақысы, жұмыс мәселесі бар. Жұмыс мәселесін қарастырсақ, жұмыс орнын қалыптастыру мәселесі бар. Жұмыс орнын қалыптастыру мәселесі болса, жұмыс уақыты мәселесі бар. Сондықтан да бұл мәселе өте тереңінен қарастыратын, кең ұғым. Қандай болса да, заңды пайдалана білуіміз керек, заңмен жұмыс істей алуымыз керек. Мұның бәрі бір күнде шешіле қоймайды. Барынша барлық инклюзия мәселесін көтеріп жатырмыз.

–  Қазірде мүгедектігі бар тұлғалардың жәрдемақысы жөнінде дау көп. Ай сайынғы төлем өсті ме?

Әрине, бұл жөнінде дау өте көп. Әліде алда дау көп болады. Себебі, өздеріңіз де білесіздер, инфляция өсіп жатыр. Шынын айтсам, жәрдемақыны көтергенмен, бұл мәселе толығымен шешіле қоймайды. Жәрдемақыға өмір сүретін азаматтар өте көп. Басқа ешнәрсемен айналыса алмайды. Мынадай мәселе бар. Біз жәрдемақыны көтерген кезде, баға бірге өседі. Баға бірге өскен кезде, барша азаматқа бұл пайдалы болмайтыны анық. Ертең жәрдемақыны қосқан кезде де, бәрі қиналады. Жәрдемақыны өсіру мәселесін ғана қарамау керек, бізге әлеуметтік әмиян ба, әлеуметтік карточка ма, осындай дүниені қозғау керек. Сонда жәрдемақыны ең төменгі күнкөріс деңгейіне қарай өсіру керек.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі жоғары болатын болса, жәрдемақы да соған қарай өсуі керек деп ойлаймын. Яғни жәрдемақыны көтере бергеннен мәселе түбегейлі шешімін таппайды. Әлеуметтік карточканы енгізу керек деп ойлаймын. Нанның бағасын, өзге да тағам түрлерінің бағасын реттеу керек. Интернетпен тегін қамтамасыз ету керек деп ойлаймын. Ұшақ билетінің бағасына да 50% жеңілдік жасау керек. Сондай-ақ жәрдемақы деген дүниеге философиялық тұрғыдан да қарау керек. Екінші және үшінші топтағы кейбір азаматтардың жағдайы басқа жандарға қарағанда жақсы болса да, «ойбай, жағдай жоқ, ақша жоқ, анау жоқ, мынау жоқ» деп тіршілік етпей, үкіметке қарап, дайын асқа тік қасық болып отырғандар бар. Тіпті жағдайлары менен жақсы болса да, денсаулығы бар болса да, еңбек қылмайды. Кейбіреулер саясатта ұпай жинау үшін манипулияция, спекуляция жасап жүр деймін. Бірінші топтағы кейбір мүгедек жандар жағдайы ауыр болса да, арбада танылып қиналып жүрсе де, сау адамнан артық еңбек етіп, маңдай терімен ақша тауып жүр. Сондықтан жәрдемақы мәселесіне тереңінен қарау керек.

Жоспарым өте көп. Бірақ бұның бәрін айта берсең, Құдайдың алдында күлкіге қалармын

–  Ерекше қажеттілігі бар адамдарды айтқанда инватаксиге соқпай кетпейміз. Инватаксидің артықшылығы мен кемшілігі неде? Қаншалықты жиі қолданасыз?

Инватакси деген мәселе кішкене дұрыс емес деп ойлаймын. Біздің қоғам ылғи да инватакси дегенді көтереді де, автобус т.б. транспорттық көліктерге назар салмайды. Неге қоғам автобус мәселесін айтпайды деген сұрақ туындайды. Ең біріншіден, автобус мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы болуы керек. Барлық жүргізушілер мүгедек жандарға ыңғайлылық жасау керек. Мүгедек жанды аялдамадан көрді ме, бірінші соған барып тоқтап, соны автобусқа мінгіздіріп, күтіп, түсіріп, аман-есен діттеген жеріне апарып, сервистік қызмет атқару керек. Біздің қоғам осы дәрежеге жету керек. Қоғам неге бұл мәселені көтермейді? Дереу инватакси керек дейді. Инватакси бәрімізге жетпейді ғой.

Мысалы, Нұр-Сұлтан  қаласында жиырма мыңнан астам мүгедек жандар бар. Сонда қанша мың инватакси керек? Оған қаншама адам, оған қаншама бензин керек? Әрине, инватакси болуы керек. Бірақ шектеулі болуы керек. Көбінісе қоғамдық транспорттық көліктердің жағдайы жақсы дамуы керек. Жүргізушілердің мүгедек жандарға көмектесемін деген ерекше ынта-жігері, ниеті болуы керек. Бізге мұны оқыту керек, үйрету керек. Қоғам болып осы мәселемен жұмыс істеу керек. Шетелге барсаңыз, ешкім де инватакси деп айғай салмайды. Шетелде әрбір автобус мүгедектігі бар азаматты отырғызып алып, баратын жеріне апарып салып, түсіріп, осындай сервистік қызмет жасайды. Мүгедектігі бар азамат та – қоғам  мүшесі. Оны бөліп-жарып қарауға болмайды. Инватакси баяғыдан бері жетпей келеді. Қанша қоссаңыз да, жетпейді. Себебі мүгедек жандар инватаксидің пайдасын көрсе, үйде отырғысы келмейді, далаға шыққысы келеді. Бірақ оның бәріне қызмет көрсететін инватаксилер жетіспейтін болады. Бір ғана шешім – қоғамдық көліктер қызметін дамыту. 

–  Болашақтағы жоспарларыңызды бөліссеңіз...

Жоспарым өте көп. Бірақ бұның бәрін айта берсең, Құдайдың алдында күлкіге қалармын. Жоспарымды айтсам, көп болмай кетеді. Күш-қуатым, денсаулығым жеткенше, ақырындап өзім секілді мүгедектігі бар азаматтармен бірге өзекті мәселелерді көтеріп, біз де қоғамда бармыз деп үкімет басына, әкімдіктерге жеткізіп, қателіктерді беттеріне басып, осындай шаралармен айналыса береміз. Бұл да –  бір жұмыс. Бұл тек өзім үшін емес, барша қоғам үшін керек. Бұл да Құдайдың маған берген, маңдайыма жазған жолы шығар. Қолымнан келгенше әрі қарай инклюзия мәселелерін қозғайтын боламын. «Жыламаған балаға емшек жоқ» демекші, біз мұны көтермесек, басқаларға керек те емес. Үкіметтен миллиардтап қаржы бөлініп жатыр. Еліміз – бай. Бірақ сол қаржы қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді. Білсе де, ешкім айтпайды. Сондықтан біз күреске дайын болуымыз керек. Өз құқығымыз үшін күресуіміз керек! Еліміздің келешегінің жарқын боларына сенімдімін. Елімізге жаны ашитын азаматтар көп болса, көптеген қателіктердің орнын толтырамыз деп ойлаймын. Болашақтағы жұмысым – осы еріктілікпен айналысу, осы жолды ары қарай жалғастыру. 

КОММЕНТАРИИ
0
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Бизнестегі тәуекел: сәтсіздік қорқынышын қалай жеңуге болады?

Тәуекелге баруды және бәрін жоғалтудан қорықпауды қалай үйренуге болады

Айнұр Умаева: «Бизнеске арналған сиқырлы дәрі – коммуникациялар»

Неліктен бизнесте коммуникация маңызды және корпоративтік мәдениет соңғы қызметке қалай әсер етеді

Кәсіпкерге өзінің және басқалардың сезімін түсінуді қалай үйренуге болады

Бизнесте эмоционалды интеллект не үшін қажет, оны қалай пайдалану және дамыту керек

Жалған атты синдромымен қалай күресуге болады?

Жалған атты синдромымен қалай күресуге және өз қабілетін табуға болатындығы туралы кәсіпкерлердің шынайы оқиғалары

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!