Google компаниясында жұмыс істеген қазақ қызы қазір қайда жүр?

Назерке Қалидолданың есімі көпшілікке жақсы таныс. Қазір елге оралып, түрлі жоба жасап жүрген Назеркемен еліміздегі ІТ саласының жай-күйін талқыладық.

    поделиться

 

Фото: жеке архив

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырып жүрген жандардың бірі. Мамандығы – программист. Назарбаев университетін компьютер ғылымдары мамандығы бойынша бітірген. АҚШ-тағы Кремний алқабында программалау мектебінде білім жетілдірген. 

- Назерке, ІТ саласына қызығушылық қалай басталды? 

- Мектепте оқып жүргенде жаратылыстану бағыты жаныма жақын болды. Информатика пәні бойынша түрлі халықаралық жарыстарға қатыстым. 2012 жылы бағдарламалау бойынша Еуразия және жалпыресейлік мектеп оқушыларына арналған олимпиадада тобымызбен қола жүлдеге ие болдық. Ал 2013 жылы информатика пәні бойынша республикалық олимпиадада жүлдегер атандым. Мектепті бітірген соң Назарбаев Университетінің Computer Science мамандығына оқуға түстім. Университетте оқып жүріп, төрт ғылыми мақала жаздым. Студенттер арасында ұйымдастырылатын пәндік олимпиадаға да қатысып тұрдым. Диплом алғаннан кейін, Google компаниясының Париждегі штаб-пәтерінің программисі қызметіне қабылдандым. Ол жақта екі жыл еңбек етіп, елге оралдым. 

Диплом алғаннан кейін, Google компаниясының Париждегі штаб-пәтерінің программисі қызметіне қабылдандым

- Google корпорациясы қазақ қызын қалай жұмысқа қабылдады? Ақпаратты өңдеу, веб-қосымшалар, сервистер мен технологияларды өндіру жөнінен алпауыт брендке қызмет ету қиынға соқпады ма?

- Сол кездің әр сәті күні бүгінге дейін есімде. Шілде айының соңында Google компаниясының онлайн-турынан өтіп, қыркүйек айының соңында мені сұхбатқа шақырды. Таңдауымда Париж, Лондон, Мюнхен, Дублин, Варшава және Цюрих болды. Мен Парижді таңдадым, өйткені маған сол қала қызық болды. Францияға келіп, сұхбаттан өттім. Бір айдан кейін маған жауап берді. Тағы төрт ай виза күтіп, одан кейін көштім. Chrome браузерінің iOS қолданушыларына арналған программасымен жұмыс істедім. Apple компаниясы әрқашан жаңа нұсқа құрастыратындықтан программалауға да өзгеріс енгізу қажет. Ал Google — карьераңды қалыптастыруға үлкен мүмкіндік. Парижге 2019 жылдың ақпан айында қоныс аудардым. Парижде тұру үшін француз тілін үйренуге тура келді. Google-да жұмыс істеу үшін француз тілін білудің қажеті жоқ. Компания ішінде бәрі ағылшынша сөйлейді. Бірақ адамдармен қарым-қатынас құру үшін жергілікті халықтың тілін үйреніп алдым. 

- Дүниежүзін дүр сілкіндірген пандемия сіздің жұмысыңыз бен жобаларыңызға қалай әсер етті? 

- Google – өте мықты, табысты компания. Жұмыс ғимаратының ішінде тегін массаж, спорт үйірмелері, тамақтану орталықтары болды. Іссапарларға бизнес-класпен барушы едік. Ол жақта бізге өте жақсы жағдай жасалды. Пандемия кезінде Парижде болдым. Пандемия басталып, бәріміз үйге қамалдық. Әріптестермен тек чатта сөйлесіп тұрдық. Ұйымшыл ұжымдастарға үйреніп қалғандықтан, бір бөлмеде жалғыз қалу қиынға соқты. Бірақ пандемия кезінде пайда болған түрлі идеяларымды қазір жүзеге асырып жатырмын.

- Қазір елге оралдыңыз. Бұл жақта қандай жобаларды жасамақшысыз?

- Уақытымның дені стартап жобалар жасауға кетіп жатыр. Еxponential program – бағдарламалау бөлімінде оқып жатқан қыздарға арналған менторлық жоба. Оларға ақпаратты өңдеу, веб-қосымшалар, сервистер мен технологияларды өндіру туралы оқытып, шетелдік алпауыт компанияларда жұмыс істеуіне ықпал етеміз. Одан кейін squares.kz жобасының техникалық директорымын. Squares.kz  – түрлі мерекелік іс-шараларды өткізу үшін ғимараттарды онлайн түрде броньдауға мүмкіндік беретін платформа. Осы жобаның жандануына күш салып жатырмыз. Болашағымды да ақшасы көп, табыс әкелетін саламен байланыстырамын.  

Пандемия кезінде пайда болған түрлі идеяларымды қазір жүзеге асырып жатырмын

- Бәрекелді! Іске сәт! Жалпы, ІТ саласында қыздардың рөлі қандай және оларды аталған салада не қызықтырады? 

- ІТ саласында жұмыс көп, маман аз. Программист болу жынысқа бөлінбейді. Ерлердің қолынан келетін тірлік деп қараудың қажеті жоқ. Басқа мамандықтар секілді ұл да, қыз да істей береді. Бұл сала ізденісті қажет ететін сала болғандықтан, күн сайын үздіксіз дамып отыру керек. Тұңғыш рет адамзатқа есептеу машинасы тілін Ада Лавлейс есімді ағылшын әйелі тапқан. Өнертапқыш әйел «ерлердің жұмысы, ерлер іздеп тапсын» деп отырған жоқ. Ал қыздарға өздерін дәлелдеу үшін көп еңбектену қажет.

Әлі күнге дейін ұлдармен жарысып жаңалық ашқанды жақсы көремін. Бірақ бағдарламашы қыздарға арналған байқаулар да бар. Мысалы, онлайн олимпиада арқылы Booking.com халықаралық хакатонына қатысып, 1062 қатысушының ішінен 6-орын алдым. Топ-20 қыз Booking.com-ның Амстердамдағы кеңсесінде болып, өзге мемлекеттердің Tech индустриясын дамытып жүрген адамдармен таныстым. Сонымен қатар Techpreneurs.kz сайтында ұйымдастырылған байқаудың жартылай финалына қатыстым. Бірде Американың қыздарға ғана ұйымдастырылған Anita Borg Organization стипендиясына ие болып, Grace Hopper Celebration of Women in Computing конференциясына қатыстым.

Стипендия жол шығынын, қонақүйде тұру мен тамақтану жағын қамтамасыз етті. Онда GoogleFacebookApple, Amazon, Microsoft, Bloomberg, Palantir, Quora, HP, Dell компанияларының бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Ал Қазақстанда программист қыздарды қолдайтын Technovation Callenge бағдарламасы бар.

- Студент күніңізде құлағы нашар еститін адамдарға арнап сурдо-робот ойлап шығардыңыз. Жобаңыздың бүгінгі жай-күйін білгіміз келеді. 

- Маған бұл жұмысым әлі күнге дейін ұнайды. Сәтті шыққан жобаларымның бірі. Алғашында бәрі қызығушылықтан басталып еді. Анара Сандығұлованың кеңесімен жобаны жетілдіріп, құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын адамдарға көмектескім келді. Сөйлей алмайтын адамға біздің қоғамда толық жағдай жасалмаған. Авторлық жобамды іске асыру маған үлкен тәжірибе болды. Германиядан келген профессормен ым түрлерін көрсету үшін нейрон жүйесіндегі Custom Algorithm-ды пайдалансам, кейін Open Source Deep Learning Libraries программасын іске қостым.

Бұл менің жобамда Tensorflow (Google’s DL library) деп аталады. Мен роботымның әліпбидегі әр әріпті біліп, заттарды атай алуын қатаң бақыладым. Робот 33 ым түрін нейрон желісі мен техниканы үйретудің арқасында анықтай алады. Сіз бір ымды көрсетсеңіз, робот сенсор арқылы ақпаратты қабылдап, оны сөзге аударады. Нұр-Сұлтандағы «Үнсіз әлем» орталығында роботымды іске қосқанымда көреремен тарапынан қызығушылық байқадым. Әу баста робот «Халыққа қызмет көрсету орталығында» жұмыс істеу үшін құрастырылды.

Программист болу жынысқа бөлінбейді

Жобадағы робот — Франциядан әкелінген альдебаран NAO Robot. Деректерді жинау үшін (Data Collection) Leap Motion атты Kinect-ке ұқсас сенсор пайдаланады. Барлық есептеу, соның ішінде тестілеу мен тексеру компьютерде орындалып, роботқа жіберіледі. Бір сөзбен айтқанда, робот – адам мен компьютер арасындағы алтын көпір. Бәрі NAO Robot десе, мен оны Cutie деймін. Өйткені ол сондай сүп-сүйкімді. 2017 жылы Сингапурде робот техникасы мен автоматтандыру бойынша өткен халықаралық конференцияда ым тілін түсіндіретін роботымды таныстырдым. Одан кейін Жапнония, АҚШ елдерінде таныстырылды. Арман Сүлейменовтің тобы ұйымдастыратын nFactoral мобайл қосымшалар байқауына қатысып, «Ым әлемі» атты iOS қосымшасын құрастырдым. Кейін мобайл қосымшаның Android нұсқасын да жасадым.

- Еліміздегі ІТ саласына көп қаржы бөлетіні жасырын емес. Соған орай ІТ мамандары да көп жалақы алады деген түсінік бар. Осы рас па?

- Шынымды айтсам, бұл саланың қаржылық жағы туралы білетінім аз екен.  ІТ саласының ішінде түрлі мамандық бар. Дизайнер, веб-құрастырушы секілді мамандардың жалақылары әртүрлі. Елімізде программалау системасы енді дамып келеді. Сондықтан, болашақтан үміт үзбеу керек. 

- Әңгімеңізге рақмет!

КОММЕНТАРИИ
0
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Әке жолын қуу оңай ма, әлде өз кәсібіңді дөңгелету оңай ма
15-10-2021– Зеріп Қосым

Ірі отбасылық кәсіптегі стереотиптер мен инженер мамандығы және зауыттардың құрылысы туралы Сұлтан Ілиясовпен сұхбат

Алыстағы ағайыннан, жаныңдағы әріптес жақын
14-10-2021– Зеріп Қосым

Қазақстандық компания өз қызметкерлеріне пәтер алып береді, отбасылық демалысқа аттануға қолдау көрсетеді десе, сіз сенер ме едіңіз? 

Эльмира Мусина – батыр ана, кәсіпкер әйел келбеті

Отбасы мен кәсібін қатар дөңгелетіп отырған іскер әйел. 

Адамдарға жылулық беріп табысқа жеткен батыл қыз
27-09-2021– Зеріп Қосым

Осы мақаланың кейіпкері Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы әйел келбетіне ие екендігін дәлелдейді. 

Мәулен Ахметов: «Менталды ауытқуы бар жандарда өмірге деген құлшыныс жоғары»

Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік кафесінің негізін қалаушысымен сұхбаты

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!