Ірі отбасылық кәсіптегі стереотиптер мен инженер мамандығы және зауыттардың құрылысы туралы Сұлтан Ілиясовпен сұхбат
Сұлтан Ілиясов – Alageum Electric компаниялар тобының бизнесті дамыту бойынша директоры. Инвестициялауға жататын әлеуетті жобалар сарапталатын инвестициялық департаментті басқарады. 2021 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдердің Forbes рейтингісінің ең танымал және беделді жобасы саналатын «30 under 30» тізіміне енді. Аталған тізімге кіру үшін жиналған ақшаның сомасы маңызды емес. Негізгі критерий – саланы дамытып, түбегейлі өзгертетін инновациялар алып келу. Өткен жылы Сұлтанның басқаруымен модернизация, электротехникалық құрал-жабдықтарды шығаратын жаңа зауыттар мен цехтардың құрылысына 14 миллиард теңге инвестицияланды.
2020 жылы зауыт салу - «ес кеткендердің» ісі болды
Өнеркәсіптік нысандардың құрылысы - ұжымның ауызбіршілігін талап ететін қиын да қызық жұмыс. Бұл жерде тосыннан тап келетін кризистік жағдайларға дайын болу керек. Мәселен, 2020 жылы біз бюджеті 7,1 млрд теңгені құрайтын Петропавл электротехникалық зауытының құрылысын бастадық.
Барлық проблема сол кезде басталды – әлемде коронавирус пандемиясы жарияланды, шетелмен шекаралар жабылды, локдаун, халық арасында вирус жұқтырғандар саны күрт көбейді. Құрылысшылар құрылыс алаңына баруға қорықты. Ешкімнің ол кезде беймәлім аурумен ауырғысы жоқ. Техника тұралап, құрылыс материалдары шекарада қалды, жоспарланған мерзімде жоспарымыз жүзеге аспады.
Ел ішінде жүріп-тұруға шектеулер алынып тасталғаннан кейін мен ең алғашқы рейспен Алматы қаласынан Петропавлға аттандым. Ондағы мақсат – құрылыс алаңына жету еді. Мен келгендегі жағдайды сізге сөзбен жеткізе алмаймын, құрылыс алаңында мүлгіген тыныштық, ешқандай қозғалыс байқалмайды, учаске басшысы, прораб, құрылыс материалдарына жауапты қойма меңгерушісін де жұмыс орнынан таппадым.
Сол кезде мен су жаңа команда жинаймын деп шештім – әрине, елімізде кадрлар жетіспеушілігін ескермеген екенмін. Инженер-құрылысшылар түгілі, қарапайым жұмысшыларды да таппай қалдым. Орын алған проблеманы жан-жақты шешу қажет деп ойладым: жалақыларды өсірдім, басқа шығындарға да бюджетті көтердім. Тіпті еліміздің басқа да қалаларындағы құрылыс компанияларынан қызметкерлерді жұмысқа тартуға тура келді. Күн сайын облыс әкімдігінің өкілі келетін, екі күн сайын – облыс әкімінің орынбасары, ал үш күн сайын әкім жеке өзі келіп зауыт құрылысының барысын бақылайтын.
Қазір жүріп өткен жолыма қарасам, астық сақтайтын қойма ретінде пайдаланылған нысанды қайта қалпына келтірудің орнына жаңа зауыт салған оңай екенін түсіндім.
Инженер – жасампаз
Менің тәмамдаған мамандығым - industrial engineering (өнеркәсіптік инженерия). Мен 16 жасымнан бастап өзімнің инженер болатынымды білдім. Анамның ықпал етуімен, өзімнің қысқы және жазғы демалыстарымды зауытта тәлімгер ретінде өткізетінмін. 40-50 жастағы тәжірибелі, көпті көрген инженерлердің қарауымен мен өз қолыммен трансформаторды жинайтынмын. Шанхайда оқып жүргенімде, құрал-жабдық жеткізетін жеке компаниямды құрдым. Оқуымды аяқтаған соң, елге келіп, Шымкент қаласындағы «Asia Trafo» (Орталық Азиядағы трансформаторлық құрал-жабдық шығаратын ірі зауыт. Басты өндірілетін тауар – күшті майлы трансформаторлар мен қысымы 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА жететін автотрансформаторлар, сонымен қатар реакторлар. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 12 000 МВА жоғары) зауытының құрылысына ат салыстым.
Мен 4 қабаттан тұратын әкімшілік кеңсені басқардым. Ең басты қиындық құрылыс дизайнын тапсырыс берушімен келісу болатын. Мен үшін ең ауыры осы еді. Жұмыстағы осы және өзге де мәселелерге қарамастан, жобалау ісі, құрылыс, тауар жеткізушілермен қарым-қатынас орнату секілді мәселелерде біраз ысылдым. Өте қызық кезең болды. Бүгінгі таңда зауыттың айналымы жылына 20 миллиард теңгені құрайды, Орталық Азия елдерін электр құрал-жабдығымен қамтамасыз етіп отыр, тіпті биіктігі 3 қабатты үйдей, салмағы 300 тонна болатын трансформаторларды да сол зауыт шығарады.
Басты ерекшелік қосымшаларда
Alageum Electric компаниялар тобы жылына 10 мың трансформаторды экспорттайды, бір трансформатордың құны - 1 000 000 теңгеге шақ. Сонымен қатар, Орта Азия елдеріне жылына 3000-нан 4000 трансформаторға дейін экспорттаймыз. Қазақстан нарығының қажеттілігі бар болғаны 4000, экономиканың жақсы жылдары 6-10 килоВольтты құрайтын 5000 трансформаторға дейін жүзеге асыратынбыз. Біздің қуатымыз жылына 18 мың трансформаторды құрайды, сол себепті тек ел нарығымен шектелмейміз.
50 жыл бұрын трансформаторлар қандай болса, солай болып қала береді, басты ерекшелік олардың қосымшасында. Asia Trafo зауытына ТМД елдерінде баламасы жоқ жетекші технологиялық жабдықтар сатылып алынды. Сол себепті трансформаторлар сатып алу бойынша Орта Азия мен Ресейден сұраныс түсіп жатады.
Әке жолын қуу оңай ма, әлде өз кәсібіңді дөңгелету оңай ма – сұрақ осында
Alageum Electric компаниялар тобы – отбасылық бизнес. Мен және менің бауырларым әке ісін қуып, отбасылық бизнесті жалғастырып келеміз, бұл ешкімге де жасырын емес деп ойлаймын. Сонымен қатар, менің өз компаниям бар, бұған дейін айтқанымдай, Қытайда оқып жүргенімде өз ісімді бастаған болатынмын. Екі кәсіпті салыстырар болсам, әрине өзіңе жұмыс істеу қашанда оңай, командаңды өзің жинайсың, жалақыны өзің тағайындайсың, жобалардың тиімділігін өзің сараптап, жүзеге асырасың, ең бастысы бюрократтық процесстермен ешкімнің уақытын алмайсың. Ірі компаниялармен салыстырғанда стратегиялық шешімдер тезірек қабылданады.
Ал компаниялар тобына келер болсам, әрине ол жерде барлығы бекітілген процедураларға байланған. Өндіріс ауқымы кең болған сайын, тәуекел де артады. Сол себепті әрбір қадам алдын ала келісіліп, жеті рет өлшеніп, бір рет кесіледі. Кішкентай бала сияқты: «Маған әкем рұқсат етпейді», десем, бұл ересек адамның әңгімесі болмас еді. Әкеңе жұмыс істеу оңай дейтіндер қатты қателеседі, кез-келген басшыға өзіңнің шешіміңнің дұрыстығына көз жеткізу қажет секілді, әкеңе де дәл солай жасауың қажет. Жұмыс уақытында ол компанияның басты акционері әрі менің бастығым екенін ұмытпаған жөн. Әрине, тосын жағдайларды есептемегенде үйде біз бизнесті сөз етпейміз, шаруалар тек жұмыста шешіледі.
«Анам - отбасымыздың сәттілігінің кілті»
Мен отбасылық бизнеске 19-20 жасымда араластым, алайда 16 жасымнан бастап, анамның арқасында отбасылық кәсіпке дайындала бастадым. Әрбір жазғы және қысқы демалыстарымды бизнестің негізін үйренуге жұмсадым. Ұлдарының әке ісін жалғастырып, отбасылық бизнесті жалғастырып әкетуі ананың арқасы деп білемін. Ол біздің бойымызға кішкентай кезімізден әкемізге қолғабыс ету қажет екендігін сіңдіріп өсірді. Мен диванда 5 минуттан артық жатпайтынмын. Егер, анам менің қолымның бос екендігін байқап қалса, екі қолға бір күрек тауып беретін. Еңбекқор болуды анам үйретті десем артық айтпаймын.
Анам - отбасымыздың сәттілігінің кілті. Ол біздің басты мотиваторымыз бола білді. Менің бауырларымның ешбіреуі компанияға бірден басқарушы позицияға келген жоқ. Біз барлығын жұмысшы қатарынан бастадық. Ең алғашқы тапсырмаларымызды әкеміздің тарапынан берілген үлкен сенім деп қабылдайтынбыз. Жауапты әрі қорқынышты болатын. Барлық тапсырмаларды ешкімнің көмегінсіз жабуымыз керек болды. Біз үлкен жауапкершілікті сол кезде сезіндік.
Шамамен 7-8 жасымда балаларға арналған энциклопедияларды көп оқитынмын. Түрлі мемлекеттер, жануарлар мен Ежелгі Греция аңыздары туралы көп оқыдым. Бірде Александр Македонский, оның жаулап алған жерлері, әкесімен қарым-қатынасы туралы кітап қолыма түсті. Оның басты мақсаты – иеленген жерлерінің ауқымын кеңейту, империясының әлеуетін арттыру болатын. Менің де басты мақсатым – отбасылық бизнесті кеңейту, жоғары жетістіктерге жету, «әкеден бала озар» демей ме қазақта, мен де бүгінгі жеңістерге қанағат демей, алға жылжуды қалаймын. Мотивация, ерік-жігер бар, сондықтан еңбек ету керек.
Қазақстандық компания өз қызметкерлеріне пәтер алып береді, отбасылық демалысқа аттануға қолдау көрсетеді десе, сіз сенер ме едіңіз?
Отбасы мен кәсібін қатар дөңгелетіп отырған іскер әйел.
Осы мақаланың кейіпкері Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы әйел келбетіне ие екендігін дәлелдейді.
Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік кафесінің негізін қалаушысымен сұхбаты
Қоғамда қайрымды жандар аз емес
Әлеуметтік қызметкер өзімен және қоғаммен қалай үйлесімді өмір сүру түсіндіріп берді