Эльмира Мусина – батыр ана, кәсіпкер әйел келбеті

Отбасы мен кәсібін қатар дөңгелетіп отырған іскер әйел. 

    поделиться

 

Фото: Puwadon Sang-ngern, Ivan Samkov, Rodolfo Quirós, жеке архив

Жеті баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Қоғамдық істерге белсене араласатын волонтер. Бір өзі бірнеше жанның алғысын арқалап жүр. Эльмира Ғарифоллақызымен кәсіпкерлік пен үлгілі отбасы құрудың құпиясы туралы аз-кем сұқбаттастық.  

- Қазақ іскер қыз-келіншектерінің көшін бастап тұрған өзіңізсіз. Қазақта «Кәсіп түбі – нәсіп» деген жақсы сөз бар. Уақыт сәл шегініс жасап, алғаш кәсіп бастаған кезді еске алсақ... 

- 2019 жылдан бері жеке кәсіппен айналысамын. Қазір «Айналайын баладан» қоғамдық қорының төрайымы, «Шабыт» шығармашылық дамытушылық оқу орталығының жетекшісі, Мақат ауданының іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары қызметін атқарамын. 2019 жылдың қыркүйек айында «Бизнес бастау» жоба аясында 505 000 теңге грантының иегері атандым. Сол жылы желтоқсан айында «Іскер ана» жобасына қатысып, ол жақтан да грант ұтып алдым. Өзім төрайымдық ететін қоғамдық қордың атқарған жұмыстарына шолу жасағанды жөн көріп отырмын.

Екі жылдан бері пандемия белең алып тұр. Сол қиын кезеңде, ел маска таппай шарқ ұрғанда, «Біз біргеміз!» атты жалпыұлттық жоба аясында мектеп оқушыларын еңбекке баулу мақсатында, 150-ден аса маска тігіп, ауылдың тұрғындарына тегін тараттық. Сонымен қатар, тек ауылдың ғана емес, ауданның өзге де қайырымдық іс-шараларына қатысамыз. 

Одан кейін «Айналайын баладан» қоғамдық қоры Азаматтық Альянс ұйымдастырған жобада 500 000 теңге грант иегері аттанып, 2020 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік білімімді толықтырып, Эмин Аскеровтің курсынан өттім. Бұл курсты толық аяқтағаннан кейін, қайырымдық шарасы аясында түрлі жобаларды ұйымдастырдық. Қоғамдық қорымыз балалардың жазғы демалыс уақыттын тиімді пайдалану мақсатында ауылдың осал тобындағы 25 оқушысына тегін үйірмелер ұйымдастырдық. Ол жерде балалар сурет, ән, ағылшын курсы, тігу, пішу, гипспен өнім жасап оны безендіруді үйренумен қатар, «Біргеміз білім» жалпыұлттық жоба аясында ауылдың 60 оқушысын тегін онлайн компьютерлік сауаттылық, құқықтық сауаттылыққа үйретіп, білімдерін шындады. Осындай игілігі мен көмегі мол жұмыстарды жүргізу барысында түрлі пәндік, интеллектуалдық олимпиадалар өткізіп, жүзден жүйрік шыққан, қабілетті жастар алға шығып, тиесілі марапаттармен марапатталды. 

Кәсіпкерлікті де, отбасыны да қатар алып жүрген әйел-азаматшалар аз емес

2021 жылдың қантар айынан бастап, «Рамазан» қайырымдылық дүкені жұмысын бастады. Қоғамдық жұмысқа бір қызметкер алынды. Тізім бойынша 65 отбасын тегін киім-кешекпен қамтамасыз етіп келеді. «Қайырымды істер марафоны» аясында аз қамтылған, көпбалалы он отбасыны азық - түлікпен қамтамасыз етті. Сонымен қатар волонтерлік жұмысын да жалғастырып келеді. 2021 жылы сәуір айында 9 балалы отбасыға «Асар Үме» қайырымдылық қорымен бірге ұйымдасып, көпбалалы отбасыға пәтер сыйладық. Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында О.Саргунанов атындағы мектептің ауласына «Табиғатты аялайық» атты акция аясында 20 түп ағаш отырғыздық. 

- Кәсіпкерлік пен отбасын бірге қатар алып жүрудің қыры мен сыры жайында айтып берсеңіз?

- Барлық іс-әрекет адамның өзіне байланысты. Қазір көпбалалы аналар арасында дау-дамай көп. Олар кәсіпкер болмай-ақ, үй тірлігіне үлгере алмай жатыр. Соған қарап ойлаймын, кәсіппен айналыспай үйде отырған адамның ештеңеге үлгермеуі мүмкін емес. Баламен отырған әйел үй шаруасын келістірмесе, ол отбасындағы адамдардың да жағдайын жасап үлгермейді. Баланың тәрбиесі де жайына қалады. Барлығына уақыт табу адамның өзіне байланысты. Жоспарлы түрде жасаса, барлығына үлгеруге болады. Кәсіпкерлікті де, отбасыны да қатар алып жүрген әйел-азаматшалар аз емес. Отбасыңнан бөлек, қоғамға қажет екеніңді сезіну – шын бақыт. 

Өзім бала тәрбиесіне де үлгеріп, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрмін. Ақшаның соңына түсіп, отбасымды екінші орынға қойған емеспін. Жеті баланы дүниеге әкелген «Батыр ана» атандым. Балаларым қатарының алды болып, білім жолындағы жетістіктерімен қуантып жүр. 

Тұңғыш қызым Гауһар Ақтөбе қаласында медицина саласында білім алады. Ұлым Темірлан – қобызшы, Д.Нұрпейісова атындағы колледжде, музыка саласын таңдады. Ауданға белгілі Қорқыт атасының ізін жалғастырушы жалғыз өнерпаз. Екінші ұлым Батырлан ағылшын тілін жетік меңгерген, АРЕК технологиялық колледжінің студенті. Одан кейін Ерасыл – Кадет сыныбының озат оқушысы. Әділжан – спорт шебері, қазақ күресінің әртүрлі сайыс жеңімпазы. Тәңірден туабітті ораторлық қасиеті бар ерекше ұлым. Әдебиетке жақын, Абайдың қара сөздерін жатқа оқиды. Елімізге белгілі тұлғалардың шығармаларын жақсы көреді. Үйдің кенжесі әрі еркеміз Райана 2 жасқа толды. Балаларымның жетістігі – кәсіп пен отбасыны қатар алып жүргеннің айқын көрінісі.    

- Қазақ қыздарының іскерлік қабілеті, қоғамда өзін-өзі таныта білуі қаншалықты жолға қойылған? Әдетте, «қыз ошақ басында ғана отыруы керек» деген түсінік бар ғой. 

- Жүрген жерімде қазақ қыздарының батыр екенін айтып жүремін. Мені алаңдататын жайт – жастардың өз-өзіне сенімі аз. Өмір сүруге, іс бастауға ешқандай жігерленбейді. Оларда мотивация жоқ. Жастардан бөлек орта буындағы адамдар да өздеріне сенбейді. Өздері сенбесе түсінікті, балаларын да сенімсіз болуға тәрбиелейді. Баласы бір жердегі тренингке қатысамын десе, ата-анасы, «Ол жақта не бар, қатыспай-ақ қой, әшейін ақша жасау» деп негатив пікір айтып, баласын қолдамайды. Үкіметтің біркелкі жұмысына үйреніп қалған. Тұрақты жұмыс істеп ай сайын айлық алып отыруға дағдыланған. Бұл масылдық дертіне шалдықтырады. Ал өзі кәсіппен айналысса, өзіне 24 сағат жұмыс істейді. Қаншалықты жұмыс істеп тер төксең, соншалықты кәсібің артады. Бірақ ақша да соңына түспей, барлығын өз деңгейінде тепе-теңдікте ұстауға болады. 

 

Өзім бала тәрбиесіне де үлгеріп, қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүрмін

Қазақ менталитетінде әйел адам ошақ басында ғана отыруы керек деген түсінікті жоққа шығара алмаймыз. Десек те, «әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөзді де естен шығармаған жөн. Қазір осы бір қанатты сөзді өмірлік тәжірибеме жиі қолданыппын. Адамға құлшыныс беретін терең мағыналы сөз екеніне көзім жетті. Жаугершілік заманда да ері жауға кеткенде бала-шағасына қамқор болып, шаңырағының түтінін түтетіп отырған. Қазіргі жастарға кеңесім – тек қана өзіне сену. Іскерлігі мен білімі  сенімді серігі болу керек. Мақсаты айқын, жоспары жүйелі болса алынбайтын қамал жоқ. 

Одан кейін отбасында ер адамның қолдауы – үлкен көмек. Жолдасым жанымды түсінетін азамат. Жоғары деңгейде инженер-механик. «КазТрансОйл» мекемесінде жұмыс істейді. Мұнайшының немересімін, мұнайшының кызымын, келінімін, жарымын. 110 жылдық тарихы бар мұнайлы мекенде тұрамын. Атам Мусин Тельман – Губкин институтын аяқтап, берекелі қара алтынды өңірде еңбек еткен мұнайшы. Енем Аккерік Карабалина – зейнеткер ұстаз. Ол да 8 балалы дүниеге әкелген, алтын құрсақты батыр ана. Өзім төрт ағайындымыз. Ағам, мен, інім, сіңлім. Бәрі де бір-бір саланың білікті мамандары, ауданымыздың абыройлы азаматтары.  

- Сіз үшін кәсіпкер және жеке адам ретіндегі ең маңызды қасиеттер қандай? 

- Адам ретіндегі ең маңызды қасиет – адами құндылықтарды жоғалтпау. Бұл қасиетке көп нәрсе жатады. Өзімнің бойымдағы адами қасиеттерді жіпке тізсем, ең алдымен адамгершілік қасиетімнен айырылып қалудан қорқамын. Ата-бабаларымыз, көркем мінезділікті бекер айтпаған болуы керек. Мінезің көркем болса, кез келген жерде сыйың артады. Көпшілік алдына шығып, «Мен» деп көкірек керсең де, болмайды. Өзімнің бойымда да «Мен» деген қасиеттің жоғын байқаймын. Осы күнге дейін барлық адамның қолынан келетін дүниені жасадым. Кәсіпкер болып, іс бастағысы келетін адам ниетін дұрыстаса болды, әрі қарай көркем мінез, адамгершілік қасиет көмекке келмек.  

- Алға қойған арман-тілектеріңіз жайында айтып берсеңіз?

- Арман таусылған емес. Өзім де көпбалалы ана болғасын, балаларымның білім алуына және дамуына көп көңіл бөлемін. Болашақ – жастар қолында. Мемлекет тарапынан да жастарға бағыт-бағдар беріліп, қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ соны жүзеге асырып жатқан жастар қатары сирек. Менің байқағаным, қазіргі жастарда ізденіс жоқ. Талапты, еңбекқор, елге көмегі тиетін жастар аз екенін мойындау керек. Балаларымды еліміздің білікті азаматы ретінде тәрбиелегім келеді. Қазірден-ақ балаларым шетелде оқығысы келеді. Сол кезде менің айтарым, «Шетелде оқып келіп, ауылды көркейтуге көмектесесіңдер. Сендердің арқаларыңда ауылымыз дамып, өркендейді» десем, бәрі бүгін-ертең келетіндей шошып кетеді. Шетелде оқып келіп, ауылда жүргіміз келмейді. Өзіңіз дамыта беріңіз» деп жауапкершілікті маған жүктеп жатыр. 

Оларға ауылдың ақысы бар екенін түсіндіремін. Кіндік қанын тамған жерді көркейту – адамдық борышың. Жастарға артатын үміт көп. Менде дүние қуған арман жоқ екен. Кентіміздің еріктілер мүшесінде болғандықтан, ауылымыздың инклюзив және мүгедектігі бар балалармен жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Республиканың барлық өңірінде, қалаларында «Ремесленно» шеберлік мектебін ашқым келеді. Қоғамдық іс-шараларға жиі қатысамын. «Атамекен» палатасы түлегімін, «Әйелдер микробизнесте» жобасының қатысушысымын. Қилы тағдыр кімнің басына өз ауыртпалығын түсірмеген, ауылымызда жүрген әлеуметтік аз қамтылған аналарымызға, отбасыларға үй алуға ұмтылдырып, мүмкіндіктер жасап, кәсіпке баулып, көмектессем бе деген ниетім бар. Алдағы уақытта, өз кезегін күтіп жатқан жоспар да көп.

КОММЕНТАРИИ
0
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Адамдарға жылулық беріп табысқа жеткен батыл қыз
27-09-2021– Зеріп Қосым

Осы мақаланың кейіпкері Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы әйел келбетіне ие екендігін дәлелдейді. 

Мәулен Ахметов: «Менталды ауытқуы бар жандарда өмірге деген құлшыныс жоғары»

Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік кафесінің негізін қалаушысымен сұхбаты

Гуля Жакупова: «Психикалық ауытқуы бар адам алдымен қоғамға емес, өзіне қауіп төндіреді»

Әлеуметтік қызметкер өзімен және қоғаммен қалай үйлесімді өмір сүру түсіндіріп берді

Ләйлә Исламова: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап»
14-05-2021– Зеріп Қосым

Өскелең ұрпақты білікті етуді мақсат тұтқан қазақ қызының «Сөйле» әлеуметтік жобасы

Ляззат Алшинова: «Кез келген жоба сәтті шығуы үшін тиімді болуы керек!»

Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қалай құруға болатындығы туралы әңгіме

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!