Гуля Жакупова: «Психикалық ауытқуы бар адам алдымен қоғамға емес, өзіне қауіп төндіреді»

Әлеуметтік қызметкер өзімен және қоғаммен қалай үйлесімді өмір сүру түсіндіріп берді

    поделиться
Автор: Еркежан Айтказина 17-05-2021

 

Жеке архивтен алынған фотосуреттер

Әлеуметтік қызметкер, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты, Колумбия университетінің Әлеуметтік жұмыс Жоғары мектебінің түлегі, «Ақтөбе облысында отбасыларды онлайн және офлайн режимде психоәлеуметтік қолдаудың көп деңгейлі жүйесін ұйымдастыру» USAID жобасының кеңесшісі Гуля Жакупова қазіргі қоғамда күйзеліске түспей, депрессияға бой алдырмай, өзара үндестікте қалай өмір сүруге болатынын түсіндіріп берді.

Кейіпкеріміз Гуляның базалық білімді қаржы саласынан бастағанымен, бірақ өзінің болашағын бұл бағытта байланыстырмайтынын түсініп, 2014 жылы Колумбия университетінің Әлеуметтік жұмыс Жоғары мектебіне оқуға түседі.

Екі жылдық білім алғаннан кейін елге оралып Семей қаласындағы Медициналық Академияда жұмыс істейді. Кейін өзі оқыған  университетінің арнайы жобасына жетекшілік етіп, АИТВ-мен ауырған науқастарды зерттеу жұмысын жүргізеді.

Бұдан бөлек, онлайн әлеуметтік жұмыс жүргізуді әдетке айналдырған. Өз қызметінде отбасылық зорлық-зомбылық көрген адамдармен және әлеуметтік салаға жататын түрлі түйіткілді мәселеге тап болған жандармен сұхбат жүргізеді.

- Әлеуметтік қызметкер мен психологтың айырмашылығы бар ма?

- Әрине. Әлеуметтік қызметкер өз кезегінде қоғамдағы әлеуметтік осал топпен жұмыс жүргізеді. Біздің саланы үш бағытқа бөліп қарастыруға болады.

Мысалы, қоғамда қиын жағдайға тап болған адамдарды қорғайтын топ. НеМолчи.kz сияқты қоғамдық ұйымдар адамдардың құқығын қорғайды, белгілі бір заңның нормаларын дайындауға атсалысады.

Тіпті, бізде әлеуметтік салаға арналған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі бар. Онда да әлеуметтік сала қызметкерлері жұмыс жасауы керек. Сонымен қатар, халықаралық ұйымдар және қайырымдылық қорлары және ҮЕҰ-ның атқарып отырған міндеттері бар.

Ал клиникалық әлеуметтік жұмыс сіз айтып отырған психологтің жұмысымен ұқсас. Өйткені бізді алдымен психолог маман ретінде даярлайды. Бірақ екеуінің айырмашылығы бар. Клиникалық әлеуметтік қызметкер адамның жеке басының проблемасымен ғана күреспейді.

Бұған қоса, мәдени, рухани, қаржылық жағдайды және сол адамның қоршаған ортасын назарға алады. Адамның ортасын зерттеу түпкі шешім қабылдағанда айтарлықтай маңызға ие болмақ.

Кейде мәселе адамның өзінде емес, ортасына және қасындағы адамдарда екеніне мән бермейміз. Мысалы, күйеуінен қаншама жылдар бойы қорлық көрген әйел ажырасқысы келсе де, айналасындағы адамдардың пікірінен қорқады. Сол үшін өмір бойы шыдауға дайын.

- Суицидке баратын адамдардың психикалық күйзеліске ұшырайтыны рас па?

- Қазақстанда суицид деңгейі өте жоғары. Ең қызығы мұндай әрекетке әйелдерге қарағанда ер адамдар көбірек барады екен. Өмірден түңіліп өзіне-өзі қол жұмсауға бейім кезең 35-40 жас аралығы. Қарап отырсақ, не жас емес, не кәрі санатына жатпайды. Нағыз еңбек етіп құлшынып тұратын уақыт емес пе?!

Қазақстанда суицид деңгейі өте жоғары. Өмірден түңіліп өзіне-өзі қол жұмсауға бейім кезең 35-40 жас аралығы

Бұны былай түсіндірер едім: біздің қоғамда ер адамдарға артатын жүк ауыр. Отбасын құру, бала-шағасын асырау, үй, көлік алу сынды тұрмыстық, қаржылық проблемалармен бетпе-бет келуге мәжбүр.

Қоғамда ер баланы кішкентай кезінен бастап «бізді асырайсың» деген үлкен жауапкершілікпен өсіреді. Ол бала өсе келе жақсы оқып, білімді болғанымен бірден материалдық қажеттіліктердің барлығына қол жеткізбейтіні түсінікті.

Оның жасаған таңдауында қате кетсе, қоғам оны дұрыс қабылдамайды. Осындай ситуацияға тап болған ер азаматтарымыз психолог маманның пікіріне жүгінуді ұят санайды. Ол адам үшін өзін жұбатудың жалғыз жолы ішімдікке салыну. Әсіресе, ауылды жерде осы мәселенің басы әлі де болса ашық. Бірақ көп жағдайда жабулы қазан сол күйінде қалады.

- Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде, БАҚ-та жағымсыз ақпарат жиі тарайтын болды. Мысалы, зорлау, кісі өліміне я болмаса педофилияға қатысты оқиғаларды күніне бірнеше рет естиміз. Осындай жаңалықтар адам психикасына қалай әсер етеді?

- Жоғарыда сіз атаған қылмыстардың барлығы қазір ғана пайда болған жоқ. Бұған дейін де болған. Тек соңғы жылдары осындай ақпараттың кеңінен тарауына жол ашылды. Әлеуметтік желі қолдануышылары да осындай ақпараттарды оқып, талқылап жатады. Ағаштың екі ұшы бары сынды.

Бұл мәселенің де жағымсыз және пайдалы тұсы бар. Пайдалы деп отырғаным, әкесі баласына қол көтеріп, зорлық көрсетсе, біз бұл жағдайды қоғам болып талқылаймыз. Жәбір көрген адамға қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Қатыгез әкенің жауапқа тартылуын талап етеміз.

Яғни, бұрынғыдай әр отбасы өз проблемасымен жеке күреспейді. Бір адамға әділетсіздік жасалса, оған орта болып қолдау білдіреміз.

Ал жағымсыз жағы, осындай қатігездікке толы ақпаратты дұрыс қорыту үшін мықты психикалық төзім керек.

Әр адам өзіне артық салмақ түскенін сезінсе, айналасындағы ақпараттық ағыннан шаршаса, бір уақытқа кідіріс жасап демалғаны дұрыс. Қазір Батыс елдерінде ақпараттық детокс деген ұғым қалыптасты.

Әсіресе, адамдар пандемия кезінде әлеуметтік желіге және көгілдір экранға жіпсіз байланып қалды. Күні бойы смартфонға үңіліп отырған адамдардың жүйкесі жұқара бастады. Осындай жағдайда өзіңізді жоғалтып алмас үшін демалыс күндері әлеуметтік желіден бас тарытып, миыңызды тынықтарғаныңыз дұрыс.

Әр адам өзіне артық салмақ түскенін сезінсе, айналасындағы ақпараттық ағыннан шаршаса, бір уақытқа кідіріс жасап демалғаны дұрыс

- Жазбаларыңыздың бірінде «БАҚ-та психикалық ауытқушылығы бар адамдар жақсы жағынан әспеттелмейді» деген екенсіз. Сіздің ойыңызша, адамдардың бойынан кездесетін психикалық ауытқулықты оң қасиет ретінде қарастыруға болады ма?

- Біздің қоғамда психикалық ауытқуға ұшыраған адамды қалай қабылдайтыны түсінікті. Бірақ көбі психикалық ауру да басқа аурулар сияқты кең тарағанын білмейді. Мысалы, Даун синдромына шалдыққан бала өзінің ауру екенін білмейді. Тек оның қасындағы адамдар өздерінің қарым-қатынасы арқылы баланың ауру екенін білдіреді.

Егер шын мәнінде әлгі балаға жақсы көзқараспен қарайтын болса, ол өзін өзгелерден кем сезінбейді. Шын мәнінде ол баланың өмірінде бәрі жақсы, ол бақытты. Сол сияқты депрессия да зардабы мол ауру түрі. Бір қарағанда қол-аяғың сырқырамауы мүмкін.

Бірақ депрессияға түскен адамға сол кезеңде қасындағы жақындарынан қолдау керек. Көп жағдайда психикалық аурудың бұл түрімен ауырған адамдар депрессияның соңында қандай да бір ой қорытып, өмірін жақсы жағынан өзгертуге ұмтылады.

Айта кетерлігі, психикалық ауруға шалдыққан адам бірден қолына қару алып көшеге шықпайды. Күйзеліске түскен адамдар қоғам үшін қауіпті емес. Керісінше ешқандай сезімге, эмоцияға, күйзеліске түспеген адамдар ауыр қылмысқа барады.

Тіпті, кісі өлтіріп банк тонаған қылмыскерлердің психикасын алып қарасақ оларда ешқандай ауытқу жоқ. Олардың проблемасы әлеуметтік жағдаймен, алған тәрбиесімен байланысты.

- Сіздің тәжірибеңізде қандай жағдайлар жиі кездеседі?

- Маған келуші клиенттердің жағдайлары әртүрлі. Әркімнің өзіндік проблемасы бар. Бірақ көбіне отбасылық кикілжіңнің ажырасуға келіп тірелуі, бұл кезеңдегі күйзелісті жеңу үшін келетіндердің саны басым. Жасыратыны жоқ, ажырасу деңгейі Ресейге қарағанда жоғары болмаса да, біздегі көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Ең қызығы, қазіргі қоғамда ажырасудың негізгі себебі, зорлық-зомбылық емес, отбасына үшінші тараптың (ата-ананың, туған-туыстың) араласуында болып отыр.

Осы ретте, арнайы жүргізілген зерттеудің нәтижесі бойынша отбасын ақыл тоқтатып барып құрған азаматтардың некесі берік болатынын көрсетеді.

Мысалы, 20 жас пен 25 жастағы адамның ойлауы, қабылдауында айырмашылық бар.  Дәл солай еңбек қабілеті де жас адамдарда төмен екені түсінікті.

20 жасында өз ақшасына көлік алып, баспаналы болу мүмкін емес. Бұндай материалдық жағдайдың барлығын ата-анасы жасап береді.

Әлбетте, барлық қажеттілікпен қамтамасыз етіп отырғаннан кейін әке-шешенің баласының өміріне араласуына құқысы бар. Сондықтан жастар асықпай аяқтан тұрып, ешкімге тәуелді болмас үшін өздерін қамтамасыз ететін жасқа жетіп барып отбасын құрғандары дұрыс.

Ең қызығы, қазіргі қоғамда ажырасудың негізгі себебі, зорлық-зомбылық емес, отбасына үшінші тараптың (ата-ананың, туған-туыстың) араласуында болып отыр

- Жат ағымның жетегінде кететіндермен психолог мамандар етене жұмыс жүргізеді. Себебі неде?

- Деструктивті діни ағымның жетегіне кеткен, бірақ өз қателігін түсініп елге қайтып оралған азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Оның ішінде алдын алу шараларының маңыздылығын ерекше айта кеткен жөн. Өйткені осындай жағдайға тап болған адамдарға дер кезінде қолдау көрсететін болса, ол радикалды ұйымның жетегінде кетпей, көзқарасын өзгертуге оң ықпал етеді.

Көп жағдайда практикадан көретініміз, өмірде қиын жағдайға тап болған адамдар жат ағымға еріп, қателікке ұрынады. Кәсіби тұрғыда «психологиялық зақымдану» деп де атауға болады.

- Ешқандай психикалық ауытқуы жоқ адамды қалай сипаттауға болады?

- Әрине, ондай адамдар да бар. Біз өз өміріне, қоршаған ортасына, жұмысына, қасындағы адамдарға көңілі толатын бақытты адамды психикалық тұрғыда дені сау адам деп айта аламыз.

Ондай жандарда да проблема болады. Тек олар кез келген жағдайдан қалай дұрыс шығу керегін біледі. Өзін өзі бақылап, үнемі тәрбиелей алатын, іштей өзіне есеп беретін адамды осы санатқа жатқызар едім.

КОММЕНТАРИИ
0
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Ләйлә Исламова: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап»
14-05-2021– Зеріп Қосым

Өскелең ұрпақты білікті етуді мақсат тұтқан қазақ қызының «Сөйле» әлеуметтік жобасы

Ляззат Алшинова: «Кез келген жоба сәтті шығуы үшін тиімді болуы керек!»

Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қалай құруға болатындығы туралы әңгіме

Гаджет және бала: пайдасы мен зияны туралы, ата-анаға пайдалы кеңестер

Балаңызды гаджеттердің зиянды әсерінен қалай қорғауға болады

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!