Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік кафесінің негізін қалаушысымен сұхбаты
- Мәулен, менталдық ауытқуы бар жандарды жұмысқа тарту идеясы қалай «дүниеге келді»? Бұл бастамаға не себеп болды?
- Бұл идеяны алғаш жүзеге асырған адам мен емеспін. Бүкіл әлемде қолданылатын кафе мен тамақтану орынында кәсіби терапия көмегімен психикалық науқастарды оңалту әдісі бұрыннан бар. Осындай кафелердің АҚШ, Түркия, Украина, Қытайда бар екенін білемін. Жұмыстың ерекшелігін түсіну және өз жобамды жүзеге асыру үшін Техастағы Hugs әлеуметтік кафесімен байланысқа шығып, оларда қалыптасқан қоғамдық пікірмен таныстым. Сосын бір жылдан кейін біздің Алматы қаласында Training Café ашылғанын естігенде таңқалдым. Олардың Қазақстанда қалай жұмыс істейтінін көру үшін арнайы барып таныстым.
Әлеуметтік кафе ашу туралы ой маған университет қабарғасында оқып жүргенде келді. Өзім оқитын оқу орнында күн сайын түскі ас ішемін, сол жерде айына тамаққа 30-50 мың теңге жұмсаймын. Сонда маған неліктен бұл ақшаны тек өзім үшін ғана емес, өзгеге пайда әкелетіндей етіп жұмсамасқа деген ой келді. Сөйтіп, шет елдердің тәжірибесін зерттедім, елордада әлеуметтік кафе ашуға деген ықыласым арта түсті. Жобаны іске асыруға ұзақ уақыт кетті. Бізге қандай бөлме керек екенін, қанша адамды жұмысқа орналастыра алатынымызды, олардың клиентпен қалай қарым-қатынас жасайтынын түсінуге бірнеше ай ғана уақыт жұмсадық. Осы ретте, біз үшін маңыздысы қызметкерлер тек қонақтарға қызмет көрсетіп қана қоймай, олармен қарым-қатынас орната білуі маңызды еді. Бірінші кезекте мен Нұр-Сұлтан қаласындағы Психикалық денсаулық проблемаларының медициналық орталығына жүгіндім. Орталық директоры Ербол Нұрхатовпен байланыс орнаттық. Ол кісінің бізге көп көмегі тиді.
- Осыдан 4 жыл бұрын ашылған «Kunde» кафесінің қазіргі жағдайы қандай? Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз? Олардың денсаулығына байланысты жұмыста қандай да бір жеңілдік қарастырыла ма? Жалақы көлемі қанша?
- Төрт жыл ішінде кафе тұрақты түрде өз келушілерін қабылдауын тоқтатқан жоқ. Қазір бізде психикалық дамуы бұзылған 18 адам жұмыс істейді, штатта тағы 7 адам – аспаз, асүй қызметкерлері және басқалар бар. Қызметкерлер тәулігіне төрт сағат жұмыс істейді. Төлемді сағатына қарай береміз. Олардың кейбіреулері жұмыс күнін сәйкесінше 6-7 сағатқа дейін арттыра алады. Олардың ішінде жалақының ең төменгі мөлшері 42 500 теңге алатындары да бар. Сонымен қатар, жоғары жалақы да төленеді. Бұл сома – 80 мың теңгені құрайды. Айта кетерлігі, карантин кезінде Жұмыспен қамту орталығының арқасында қызметкерлеріміз өз айлықтарын тоқтаусыз алып отырды. Карантин кезінде барлық қоғамдық тамақтану орталықтары жабылып жатқан кезде, біздің есігіміз ашық болды.
- Kunde сияқты әлеуметтік жоба саналатын кафенің санын арттыру жоспарыңызда бар ма? Республиканың өзге де өңірінде ашу қарастырылған ба?
- Жоспарымыз бойынша 2020 жылы дәл осындай бірнеше кафе ашамыз деп жоспарлаған едік. Оған пандемия кедергі болды. Енді биыл күзде жағдай тұрақталса, жоспарымызды іске асырып Алматы, Қарағанды, Атырау қалаларында әлеуметтік кафе ашамыз ба деген ойымыз бар. Бұл сол қалалардағы жұмыс істеуге ниетті адамдардың санына байланысты. Біз бұл жобаны негізі табыс табу мақсатында емес, әлеуметтік көмек ретінде жүзеге асырғымыз келеді.
- Kunde кафесіне келушілер өздеріне қызмет көрсететін жандардың денсаулығынан хабары бар ма?
- Барлық адам бірдей емес. Қызмет көрсетушілердің денсаулығына қатысты ақпаратты бірі білсе, бірі белмейді. Бірақ қандай келушілер болса да, біз қызметкерлерімізді алдын ала барлық жағдайға дайындаймыз. Тіпті, дөрекі мінез көрсеткен келушілер болса да, ол кісілерге қызмет көрсету біздің жұмысымыздың бір бөлігі деп қабылдаймыз.
- Менталдық ауытқуы бар жандарды жұмысқа орналастыру процесі қандай?
- Қойылатын ең негізгі талап – жұмыс істеуге қызығушылық таныту. Денсаулығында психикалық ауытқуы бар жандар бұрын жұмысқа шықпақ түгілі, үйден шығуға жүрексінетін. Енді ойлап қарасаңыз, ол кісілер ортамен тікелей қарым-қатынасқа түседі, адамдармен араласады. Бұл олар үшін үлкен жетістік.
Екінші мәселе, жұмысқа қабылданарда кімнің қандай мүмкіндігі бар, кім қандай жұмыс жасай алады соған басымдық береміз. Мысалы, көп сөйлемейтін мінезі тұйық жандарды асүйдегі жұмыстарға жібереміз. Ал керісінше, адамдармен тез арада тіл табысып кететіндерге даяршы болуға ұсыныс айтамыз.
Үшінші этапта жұмысқа орналасуға ниет білдіргендердің отбасылық жағдайына қараймыз. Мысалы, кім жалғызбасты отбасынан, ал кімнің асыраушысы жоқ деген мәселеге назар аударамыз.
- Сіздер мемлекеттен қандай да бір қаржылық қолдау аласыздар ма? Кафеден түсетін табысты қайда, қалай жұмсайсыздар?
- Біздің демеушілеріміз көп. Кафені жалға алып отырған жоқпыз. Nazarbayev University бұл мәселені шешіп берді, біз тек коммуналдық қызметтерді төлейміз. Осының арқасында кафе ашылған 4 айдан кейін кафе өзін-өзі қамтамасыз ете алатын деңгейге жетті. Университет әрқашан бізге үлкен қолдау көрсетеді, оқытушылар мен студенттер де шетте қалмайды.
«Kunde» әлеуметтік кафесі ашылған жылы «Сәби» қайырымдылық қорынан 10 000 доллар көлемінде грант ұтып алдық. Одан бөлек, бізге жиі келетін қонақтарымыз үнемі қаржылық қолдау көрсетеді. Басында бізде үстелді, орындық пен кесенің өзін демеушілер әкеп берген болатын.
Кафенің табысына келер болсақ, 2019 жылы ешқандай табыс тапқан жоқпыз. Бірақ шығынға да ұшырамадық. Биылғы жағдай да сондай жағдай. Оған дейін 2018-2019 жылдары айына айналымдағы қаражат 8 млн теңгеге жетті. Оның ішінде табыс көлемі 1 жарым – 2 млн теңге.
- Бір сұхбатыңызда «қарапайым қызметкер мен психикалық ауытқулары бар қызметкер арасында техникалық қызмет көрсетуде айырмашылық бар, оны сезіну немесе көру керек», - депсіз. Нақты қандай айырмашылық барын айтып бере аласыз ба?
- Менталдық ауытқуы бар жандардың қарапайым жандардан айырмашылығы бар. Оларды жұмысқа келгенде әлдеқайда жауапкершілігі мол деп айтар едім. Мысалы, ешқашан кешікпейді, өтірік айтпайды, ешкімнің затың ұрламайды, дөрекі сөйлеп, мінез-құлық көрсетпейді. Менің бір байқағаным, менталдық ауытқуы бар жандарда өмірге деген құлшыныс жоғары, өзіне жүктелген тапсырманы ерекше ынтамен орындайды.
Кейбір жандар үшін біздің кафедегі жұмыс ең бірінші тәжиірбие. Ол тек жұмыс орны емес, оны қабылдайтын, қоғамның басқа да азаматтары сияқты қарым-қатынас орнататын орын екенін көруге болады. Ең өкініштісі, бізде жұмыс жасағысы кететін жандар өте көп. Ал ваканcия шектеулі. Кейде орын болмағандықтан жұмысқа ала алмайтынымызды айтамыз. Кафеде жұмысты кезекпен ауысу арқылы жасаймыз. Кейде қызметкерлер күнде жұмысқа шығып, қызмет көрсеткілері келеді. Оған ондай мүмкіндік жоқ екенін түсіндіреміз.
Бұған қоса, бізге келетіндер біздің әлеуметтік кафе екенімізді білетін, өздерін қалыпты ұстайтын адамдар келеді. Сол себепті бізге келуші мен қызметкер аласында ешқандай түсініспестік жоқ.
- Кафе ашылғалы бері қанша адам тұрақты түрде жұмыс істеп келеді? Осы уақытқа дейін қаншасы жұмыстан кетті. Олардың жұмыстан кету себептері қандай? Әлеуметтік кафеде жұмыс істегеннен кейін психикалық дамуы бар адамдар қандай жетістіктерге жеткенін айта аласыз ба?
- Жұмыс болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Кейде қызметкерді өзіміз жүмыстан шығарған кезіміз болды. Мысалы, жұмысты алып кете алмайтын жағдай болады. Бірақ бұндай оқиғалар өте сирек. Осы уақытқа дейін 3-4 адамды осы себеппен жұмыстан шығаруға тура келді. Одан бөлек, дәрігерлермен кеңесе отырып, қызметкерлеріміздің өзін қалай сезінетінін, қайсына демалу қажет екенінен алдын ала хабардар етіп отырады. Біз өз тарапымыздан оларға демалыс береміз.
- Әлеуметтік кафеде жұмыс істегеннен кейін психикалық дамуы бар адамдар қандай жетістіктерге жететінін айта аласыз ба?
- Біздің психологтар тобы мониторинг жүргізіп, соның нәтижесінде жақсы өзгерістер барын көріп отырмыз. Алдымен менталдық ауытқуы бар жандар 7-8 сағат бойы қатты шаршамай жұмыс істей алады. Екіншіден, кафеде еңбек терапиясынан өтетіндердің бәрі жүйке күйінен өтеді. Бұрын жиі кездесетін ауытқулар байқалмайды. Жұмысқа тұрғаннан кейін көптеген адамдардың ұйқысы жақсарды. Бұл психикалық аурулары бар адамдар үшін өте маңызды. Бұған қоса, олар енді табыс таба алады. Отбасына ақшасын апарып береді, қаржылай тәуелсіз болады. Егер бұған дейін ата-аналардың біреуі жұмысын тастап, ұлына немесе қызына қамқорлық жасауы керек болса, қазір оларға да жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Бұл мемлекет үшін үлкен көмек деп есептеймін.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Қоғамда қайрымды жандар аз емес
Әлеуметтік қызметкер өзімен және қоғаммен қалай үйлесімді өмір сүру түсіндіріп берді
Өскелең ұрпақты білікті етуді мақсат тұтқан қазақ қызының «Сөйле» әлеуметтік жобасы
Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қалай құруға болатындығы туралы әңгіме
Балаңызды гаджеттердің зиянды әсерінен қалай қорғауға болады