Гаджет және бала: пайдасы мен зияны туралы, ата-анаға пайдалы кеңестер

Балаңызды гаджеттердің зиянды әсерінен қалай қорғауға болады

    поделиться
Автор: Салтанат Қияқ 23-04-2021

 

Гаджеттің ата-ананың балаға көңіл бөлуге уақыты жоқ кезде құтқаратын көмекшісіне айналғаны ақиқат. Оның үстіне, ата-анасының қолынан түспейтін ұялы телефонға бала да ұмтылып тұрады. Осылайша балалар 4-5 жастан бастап гаджеттің қыр-сырын ата-анасынан да жақсы меңгеріп алады. Баланың ата–анасынан бірнәрсені көбірек білуі адамзат тарихында алғашқы рет орын алуда.

Қазіргі уақытта гаджеттің пайдасымен қатар зиянды тұстары көп көтерілуде. Өкініштісі, кейбір ата-аналар  гаджеттің балаға зиянды жақтарына назар аудара бермейді.

Сондықтан, алдымен гаджеттің зиянына тоқталып өтейік, соңғы 10 жылдықта смартфон моделдерінің жаңа нұсқалары қарқынды шығарыла бастады. Кез келген ақпаратты оңай және жылдам көрсететін ақылды гаджеттер баланы өзіне магнит тәрізді тартады. Экранда болып жатқанның барлығы (суреттердің, жарықтың, дыбыстың ауысуы) баланы өзгеше күйге түсіреді.

Бұл күйде адамның миы стресс деңгейін төмендететін дофамин түзе бастайды. Экранның алдында ол уақыттың өткенін байқамайды, дофаминнің әсерінен рахат күйде отырады. Егер гаджет кенеттен өшіп қалса, дофамин деңгейі күрт төмендейді де, баланың эмоциясына ғана емес, физиологиялық күйіне де кері әсер етеді. Осындай сәтте балада истерика басталады.

Гаджеттердің бұдан басқа тигізетін зиянды әсерлерін тізбелесек:

  • балалар мен жасөспірімдердің жалғыздықты көбірек сезініп, өздеріне деген сенімдері азайып, тұйық мінезді болып өсуі;
  • артық салмақ, көздің дұрыс көрмеуі, остеохондроз, т.б. ауру түрлерінің пайда болуы;
  • лайктардың саны аздығынан пайда болған өзін кем санау комплексі, лентаны қарап отырған бала басқалардың «жақсырақ» өмірін көріп өзінің мүмкіндігіне сенбеуі сияқты психологиялық проблемалардың туындауы;
  • кибербуллинг, онлайн-алаяқтық, «Суицид топтары».

«Цифрлық әлемнің кері әсерін азайтудың қандай жолдары бар?» - деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Гаджетке тәуелділік мәселесін жеңу үшін ата-ана дер уақытында шара қолдау арқылы, есірткі тәуелділігінен де күрделі тәуелділіктің бұл түрінен оңай құтыла алады. Ол үшін миындағы дофаминнің әсерімен қызыққа батып отырған баланы гаджеттен ажырату мақсатында баланың жанына отырып, ойын қалай болып жатыр, қандай деңгей, қандай кейіпкер, ол не істей алады деген сұрақтарды қойып көңілін бөлу керек.

Егер сіздің сұрақтарыңыз жауапсыз қалса, шыдамдылықпен баланың қасында болып, біртіндеп, асықпай сөйлесе бастаңыз. Баладан алғашқы жауапты алған сәттен бастап ол виртуалды әлемнен шығып, сіздің отырғаныңызды байқайды. Бұл жағдайда дофамин деңгейі төмендей бастайды.

Сөйлесе бастаған кезде тамақ ішу, жуыну немесе сабақтарын қарау керектігін ақырын есіне салыңыз. Осы өмірге «қайтып келудің» «жұмсақ» әдісі қолданылғандықтан сіздің өтінішіңізге құлақ салып, көңіл бөлгеніңізге қуанып, гаджетті өз еркімен өшіретін болады.

Баладан гаджетті алып қою, қолдануына мүлде тыйым салу арқылы гаджеттен қорғаймын деп ойласаңыз қателесесіз. Онымен қоса, бала қатарынан қалып, болашағына кері әсер етуі мүмкін. Деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта адамның бір айдың ішінде алған ақпараты XVII ғасырда адамның өмір бойы алатын ақпаратына тең келеді екен.

Қазіргі уақытта адамның бір айдың ішінде алған ақпараты XVII ғасырда адамның өмір бойы алатын ақпаратына тең келеді екен

Ақпараттың ағыны социумға түскен кезде гаджетті мүлде қолына алмаған баланы абыржытып, оның әлеуметтік бейімделуін қиындатуы мүмкін. Осының алдын алу үшін баланы кең таралған пайдалы ақпарат каналдары, технологиялармен уақытылы таныстырып отырған жөн. Бұнымен қатар, гаджеттің қаупін азайтудың келесі түрлерін назарда ұстау ұсынылады:

  1. Өзіңіздің де және балаларыңыздың да критикалық ойлауын дамытыңыз. Интернетте жазылғанның барлығы бірдей шындық емес. Ақпаратты мұқият тексеріп, деректің қайнар көзін табуды үйретіңіз. Ақпарат толқынын сүзгіден өткізіп, тек дұрысын алып отыруға баланың әдеттенгені жөн.
  2. Балаға интернетте психологиялық қорғаныс құруды үйретіңіз (ғаламторда мазақ объектісіне айналған жағдайда, манипулятор-педофилдың құрағына ілінсе немесе суицидтық топтарға енген болса не істеу керектігін білгеніңіз абзал).
  3. Баланың жетілмеген психикасын қорғау үшін ата-аналық бақылау және зиянды ақпараттан қорғау құралдарын орнатыңыз (мысалы, Family Link деп аталатын қосымша арқылы баланың қандай ойындар жүктеп алғаны, GPS арқылы қай жерде жүргенін бақылап отыруға болады).
  4. Компьютер, телевизор, планшет, телефонды қолдану уақытына шектеу қойыңыз. Мысалы, балалар ұйықтар алдында екі сағат бұрын осы құрылғыларды пайдалануды доғарулары керек (мұндай ереже жанұя мүшелерімен келісе отырып бекітілсе, бала өзі қабылдаған ережені сақтауға тырысатын болады). Ең маңыздысы, осы уақытта ата-ананың да барлық гаджеттерді авиарежимге қойып, оларды қолданбағаны дұрыс.
  5. Балаға жеке деректерді (мысалы, мекенжай, жанұя мүшелері туралы ақпаратты немесе өзін суретке түсіріп жіберуді сұраған болса) танымайтын адамға беруге болмайтынын ескертіңіз және осындай жағдайды міндетті түрде ата-анасына айтуы керек.
  6. Сайттардың тарихын тексеріп отырыңыз, онда баланың қараған сайттары көрініп тұрады.
  7. Гаджетсіз өмірдің артықшылықтарын көрсетіңіз (бірге электрондық емес ойындар ойнау, қызықты шараларға қатысу, түрлі спортпен шұғылдану, достармен жеке қарым-қатынас жасау).

Дегенмен, гаджеттің пайдалы жақтары да аз емес. Бала қолындағы гаджетті тек ойын-сауық үшін қолданылуы мүмкін. Бірақ гаджетті баланы жан-жақты дамытатын құралға айналдыру ата-ананың қолында. Гаджет несімен пайдалы екенін атап өтсек:

  • білім алу үшін (балаға қоршаған орта және оның ережелерімен таныстырады, математика және басқа пәндерді үйретеді);
  • сөздік қорды ұлғайтуға;
  • шет тілін үйренуге;
  • ұсақ моториканы дамытуға (сенсорлық экрандағы ойын ермексаз немесе мойыншақ тізумен салыстырғанда зейінді көбірек талап етеді);
  • оқу мен есеп шығаруды үйренуге талпынысты арттыруға (гаджеттегі ойын шарттарын оқиды және жеңіске жету үшін қадамдарын есептеп отырады);
  • себеп-салдар байланыстарын қалыптастыруға (экранға басып, белгілі бір әрекеттерді жасау арқылы нәтижеге қол жеткізеді);
  • жаңа кәсіп үйренуге (аспаздық, қолөнер, музыкалық аспапта ойнау, видео монтаждау, бағдарлама, қосымша жасау);
  • жасөспірімдердің өз бизнестерін жүргізуге. 

Осы мақалада айтылған гаджеттің зиянын азайтып және пайдасын көбейту туралы мәселелерді қорытындылай келе, жақсы ата-ана болу дегеніміз - балаға гаджеттің соңғы моделін, ең қымбат ойыншықтарды, алып беру, қаладағы барлық ойын-сауық орындарына апарып, қымбат үйірме, секцияларды төлеу және әлеуметтік желіге баламен түскен мыңдаған суреттерді салу емес, керісінше балаға күнде уақыт бөліп, көңіл аударып, оған үлгі болу.

Жақсы ата-ана болудың басты құпиясы: бүкіл назарыңызды аударып, гаджетсіз, баламен күнде бірге болуға ең азы 5-10 минут бөлу! Яғни, баламен бірге сапалы уақыт өткізу (мысалы, бірігіп үй шаруасын тындыру, ұзақ серуендер, сурет салу немесе стөл үсті ойындары, т.с.с.) Ең бастысы балаға қызықты болатын іспен бірге айналысыңыз.

Егер де сіз осындай сәттерді қуана өткізе алатын болсаңыз, балаға да бақытты болуды үйретесіз! Ана және әке болу ерлік немесе қиын жұмыс емес, ол өзіңіздің, балаңыздың және өмірдің күнде жаңа қырларын ашып отыратын қызықты саяхат.

Салтанат Қияқ - тәжірибелі педагог, бала тәрбиесі жөніндегі кәсіби коуч, «Менің ержету тарихым» атты интерактивті кітаптың құрастырушы-авторы, «Бақытты бала тәрбиелеу» онлайн курсының авторы. Бала тәрбиесі туралы білімін жетілдіріп, өз баласының тәрбиесінде әлемдік озық тәжірибені қолданып жүрген ана. Осы тақырыпта мақалалар, гайдтар, посттар, видео материалдар әзірлеп, әлеуметтк парақшаларында ата-аналармен бөлісіп тұрады.

Кері байланыс үшін @saltanat.qiaq инстаграм парақшасы арқылы  хабарласыңыз.

КОММЕНТАРИИ
1
Тимур
2021-05-24 12:57:53
Ата-аналарға өте паидалы ақпараттар екен.
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!