Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қалай құруға болатындығы туралы әңгіме
«Әйел әйелге қай қоғамда да қолдау білдіруі тиіс» дейтін кейіпкеріміз Ляззат Елубайқызы он жылға жуық мектепте қарапайым мұғалім болды, жеті жыл политехникалық колледж директорының орынбасары болып еңбек етті.
Алдымен ЮНИСЕФ-тің «Жастарға араналған мейірімді орталық» жобасында еліміздегі жасөспірімдерге арналған алғашқы клиниканың директоры болып еңбек етті. Ал 2010 жылы байқауда жеңіске жетіп, АҚШ елшілігінің «IVLP» тәжірбие алмасу бағдарламасының қатысушысы атанды. АҚШ-тағы алған білімі «Замандас» қоғамдық қорын ашуға негіз болды.
Әлеуметтік маңызды жоба атанған «Отбасылық аула клубы - балалар мүддесіне арналған қозғалыс» әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жағдайын жақсатуға ғана емес тұтастай үш бағыт бойынша дамуға бастама болды.
Ләззат Елубайқызы сонымен қатар «Күншуақ − балаларға арналған инклюзивті ойын алаңы» жобасын іске асырып, жоба аясында 50 млн.теңге жинады. Бұл қаражатқа елордада 2 ойын алаңы салынды.
2018 жылдың маусым айында өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған «Мария» әлеуметтік шеберханасын құрды. 2016 жылы АҚШ және Канада Елшілігінің қаржылық қолдауымен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар үшін аула хоккей лигасын құрды. 2014 жылы осы санаттағы балаларға арналған «Жасшуақ» жазғы лагері ашылды.
Ләззат ханым «Отбасылық аула клубы–балалар мүддесіндегі қозғалыс» жобасының моделін енгізу және кеңейту, тігін өндірісі мен клинингте халықаралық бәсекеге қабілетті әлеуметтік бизнес құру міндетін алға қойды.
Кейіпкеріміздің әр жобасы қоғам үшін пайдалы әрі қызықты. Ел үшін тиімді іс бастап, оны кәсіпке айналдырудың қыры мен сырын, жалпы сәтті жобалардың құпиясын Ляззат Алшинованың өзінен сұрап білдік.
− Ляззат ханым, ұстаздық қызметтен кейін халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асырып келесіз. Осы ретте алғашқы халықаралық жобаңыз туралы айтып өтсеңіз. Жалпы неден басталды?
- 2010 жылы жасөспірімдермен айналысатын мамандардың өзара тәжиірбие алмасуына арналған бағдарлама бойынша Америкаға бардым. Бұл бағдарламадан көп білім алдым. Елге келген соң қаншама жылдық көрген-білгенімді жинақтап ҮЕҰ ретінде тіркеліп «Замандас» қорын ашуды жөн көрдім.
Негізгі мақсатым қоғамдағы әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмектесу. Тек материалдық көмек емес рухани азық болатын, кәсіп ашуға мүмкіндік беретін, отбасының жағдайын жақсартуға ықпал ететін жоба болуы тиіс деп есептедім. Ең бірінші жазған жобам − «Отбасылық аула клубы - балалар мүддесіне арналған қозғалыс» клубы деп аталады.
- Жобаның сәтті болуы неге байланысты?
- Ең алдымен кез келген жоба сәтті шығуы үшін тиімді болуы керек. Қоғамға тиімді болған жұмыста міндетті түрде нәтиже болады. «Отбасылық аула клубы - балалар мүддесіне арналған қозғалыс» клубы жобасы менің әуел бастағы алдыма қойған міндетімді толықтай орындады деп айтуға болады.
Біріншіден, өмірдің қиын кезеңіне тап болған отбасыларға қандай көмек керек екенін анықтап, соған қолдау көрсетуге тиіспіз. Екіншіден, жағдайы нашар отбасылардың балаларына спорт, шығармашылықпен шұғылдануына мүмкіндік жасау керек. Үшіншіден, отбасын нығайтуға күш салу. Бұл мақсатта жұмыс жүргізу үшін Samruk-Kazyna Trust 2014 жылдан бастап бізге демеуші болып отыр.
Соның арқасында бүгінгі күні астанада біз 5 «Отбасылық аула» клубын ашып отырмыз. Биыл тағы екі клуб ашуды жоспарлап отырмыз. Соның бірі тек 14-15 жастан бастап 21 жасқа дейінгі жасөспірімдерге арналған орталық болады. Себебі, осыдан 10 жыл бұрын біздің орталыққа келген балалар қазір ержетіп, бойжетіп жасөспірім жасқа келді. Олар қазір студент болса да, біздің «Замандас» клубынан шықпайды.
Бұл балалар «Замандасты» біздің екінші емес, туған үйіміз деп атайды. Шынымен, «Замандас» бақытты мекенге айналған жер. Негізі мақсат жағымды орта қалыптастыру болатын. Осы ортаға келген адам өзін емін-еркін сезініп, ашылып, ойындағысын бүкпесіз-боямасыз айтуға ұмтылуы керек.
Біздің ұжымдағы педагоктар әр баламен сүйіспеншілікпен жұмыс жасауға ниетті. Тек сонда ғана балалар өмірде өз орнын табады. Ол үшін мейірім төгу, жақсылыққа баулу, назар аудару, махаббатпен жақсы көру баланың дамуы үшін үлкен рол атқарады. Мысалы, гүлге әркез су құйған сайын онымен сөйлессеңіз, мейірім төгіп жақсы көрсеңіз ол жайқалып өседі. Дәл солай бала да сүйітпеншілікке толы, мейіріммен өссе, кейін де ортаға, ата-анасына, достарына қарым-қатынасы дұрыс болады.
- Отбасылық аула клубына қанша бала қатысады? Бұл клубта балалар нақты нені үйренеді?
- Клубқа 2,5 мың бала қатысады. Алдағы уақытта қатырымыз тағы толады. Негізгі көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналған. Біз әлеуметтік желілердің барлығында тіркелгенбіз. Айта кетерлігі, үйірмелер барлық балаларға тегін. Бұған қоса, ата-аналарға да тегін түрде психологиялық қызмет көрсетіледі.
Осы ретте, тек ата-аналарға арналған «Бақытты жанұя» деп аталатын клубтың жұмыс істейтінін айта кеткім келеді. Бұл жерде диагностика жасалып, ата-аналармен жақын жұмыс жүргіземіз. Одан бөлек, қиын жағдайға тап болған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қажетті құралдарын алып беруге көмектесеміз. Қашықтықтан оқытуға көшкелі бері осындай отбасыларға оқуға қажетті техникаларды алып беруге көмектесіп отырмыз. Мысалы, биыл 100 балаға техника алып бердік. Өткен екі айда 500 мың теңгеге азық-түлік пен киім-кешек алып бердік.
- Отбасылық клубқа әкелер қаншалықты белсенді қатысады?
- Отбасында әкенің орны орасан. «Бақытты жанұя» клубына баланың әкесі мен шешесін бірге шақырамыз. Өкініштісі сол, отбасылық пихологтың көмегіне жүгінуді әкелеріміз жөн санамайды. Тіпті келіп, қатысып тұрып қашып кеткендері бар. Себебін сұрағанымызда әкелеріміз осындай тренингтерді ер адам өткізсе, қуана-қуана келетіндерін айтады.
2016 жылы АҚШ және Канада Елшілігінің қаржылық қолдауымен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар үшін аула хоккей лигасы құрылды. Осы ретте, демеушілердің есебінен отбасымен «Барыстың» ойындарына билет алып бердік. Кейін аналарымыз хабарласып, баласы мен әкесінің қарым-қатынасын дұрыстауға ойынның оң ықпалы болғанын айтты.
Бұл тек отбасының бірге ойын тамашалауы ғана емес, бала мен әкенің көзқарасын біріктіретін, бір-бірімен әңгіме өрбітетін сәт. Отбасы мүшелерін өзара жақындастырады. Осы «Барыстың» ойынынан кейін әкелеріміз балалармен жақын сөйлесіп, тәрбиесіне ат салысатын деңгейге жетті. Бұл өзгерісті аналарымыз байқап, бізге ризашылығын білдірді. Біз жасаған жұмыстың қайсысы нақты нәтиже береді, қайсысы адамға я қоғамға оң ықпал ететінін білмейміз. Бірақ әйтеруір біреуі осылай пайдасын тигізіп жатады.
Амандық болса, биіл әкелерге арналған «Әке мектебі» клубын ашқымыз келеді. Бірақ семинар мен тренингті ер адам жүргізсе деген ұсыныс болғанын жоғарыда айтып кеттім. Өкініштісі, ер кісілердің ішіндегі білікті мамандардың сапасы да қызметіне сұрайтын қаражаты да қомақты болып отыр. Соған қарамастан бұл бастаманы аяғына дейін жеткізу ойымда бар.
Ал ұл өсіріп отырған жалғыз басты аналар үшін «Нағыз ер адамның мектебі» деген жоба өткізгенбіз.
- Көбіне әлеуметтік әсіресе, балаларға қатысты жобаларды жүзеге асырасыз. Қазіргі қоғамда балаларды тәрбиелеуде қандай мәселелер бар?
- Қазіргі жас отбасыларға қарап отырсам, бала тұрмақ өздері де толық тәрбие алмағанын көремін. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің демекші, кезінде өз отбасында толық мейірім ала алмаған жастар отбасылық өмірде бала күнгі көрген қателігін қайталап жатады. Жасыратыны жоқ, елімізде әрбір үшінші отбасы ажырасқан.
Оның себебін мен былай түсіндірер едім. Қазір ешкім отбасына көңіл бөлмейді. Я болмаса «көңіл бөлу» деген түсінік ақша тауып, материалдық жағынан қамтамасыз ету деп қабылдайды. Мысалы, үй алу, көлік міну, баласына жаңа смартфон алып беру негізгі отбасылық құндылыққа, мақсатқа айналып кеткен.
Тұрмыстық деңгейді жоғары қоятын отбасында ешқашан рухани байлық үстемдік етпейді. Балалар мейрімсіз, жылы сөз естімей, әкесі мен шешесінің емін-жарық сөйлескен жүзін көрмей өседі. Бұл баланы қатал, тұйық, өз ішкі сезімін көрсетуге қысылу сынды қағидалардың қалыптасуына ықпал етеді.
Материалдық қажеттіліксіз тағы болмайды, бірақ ол бірінші орында болмауы керек. Адамнан адамға керек бір нәрсе бар. Ол сыйластық, мейірім, түсіністік, қолдау, жақын екеніңді сездіру, қамқорлық таныту, дастархан басында емен-жарқын әңгімелесу адамдарды жақындастырады. Соған сай адамның мінезі қалыптасады. Үйде жағымды аура болады. Ондай жерде бала бақытты болып өседі.
Балаңыздан білімді болуды талап етесіз бе? Онда алдымен өзіңіз білімді болыңыз. Балаңыздың дамуын, қабілетті болуын, шыңдалуын, қатарының алды болуын талап етесіз бе? Ол үшін өзіңіз соны іске асырыңыз. Бала сізге қарап өседі, қалыптасады. Бұл табиғи қалыптасқан құбылыс.
- 2018 жылы ашылған «Мария» шеберханасы қазіргі уақытта өз жұмысын жалғастырып жатыр ма? Жобаның мақсаты қандай?
«Бақытты жанұя» клубына келген әйелдермен сұхбаттасу кезінде аналарымыз көп балалы ана болса да, жұмыс істегісі келетінін айтады. Бірақ отбасына да жұмысқа да үлгеретін мүмкіндік жоқ. Одан бөлек, мүгедек балалары бар аналарда да осы мәселе туындап отыр.
Әйел ретінде оларға көмектескім келді. Осы мақсатта арнайы жоба жазып, грант жеңіп алдым. Бұл жобаға 70 жуық әйел қатысып, тегін білім алды. Бұл білімдерінен кейін аналармыз өз жеке шеберханаларын ашуға, балаларына киім тігуге, басқа мекемелерде жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Ал шеберханада 7 әйел жұмыс істейді. Алғаш жұмысқа кірген аналармыздың ешқайсысы жұмыс орнын ауыстырған жоқ. Сол құрамда 3 жылға жуық жұмыс істеп келеміз.
Ешқандай нақта бір қолдауға қарамастан биыл өзімнің клининг компаниясын аштым. Бұл компанияда өзіміздің «Отбасылық аула» клубына келіп жүрген қыз-келіншектер жұмыс істейді.
- Сіз басқарған жобалардың сәтті шығуы және өміршең болуының құпиясы неде?
Кез келген жобаны іске асырушы адамның ниетіне байланысты оның ісі сәтті әрі өнімді болады дер едім. Құпия дейтіндей емес, қарапайым ғана әр адам өз ісін жақсы көру керек. Бар зейінін, мейірімін салу керек. Мен бақытты адаммын. «Отбасылық аула» клубында адамдар дәл мен сияқты бақытты сезінсін, отбасыларында тұрақтылық пен мейірімділік болсын деген арманым болды. Мен бақытты ортада өмір сүргім келеді. Оны қалай қалыптастыруға болатынын көрсеткім келеді. Бар болғаны сол.
Балаңызды гаджеттердің зиянды әсерінен қалай қорғауға болады