Қоғамда қайрымды жандар аз емес
Ал біздің кейіпкеріміз – «Батыр боламын» қорының негізін қалаушы, кәсіпкер – Есенбек Сандубаев жетімдер үйіндегі балаларды жебеп, жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың үлкен арманын орындауды мақсат етті. «Батыр боламын» қоры шалғай ауылдардағы 800 балаға тегін спорт үйірмесін ашып берді.
– Еліміздің шалғай елді-мекендерінде балаларға арналған тегін спорт алаңын ашуды қолаға алдыңыздар. Бұл бастама қашан, қалай пайда болды? «Батыр боламын» қоры туралы айтып берсеңіз?
– Еліміздегі балаларға спорт клубтарын ашу туралы ой 2016 жылы Мәскеудегі бизнес форумға қатысқаннан кейін туындады. Бұл жиында Мирослав Смирнов бастамасымен жетімдер үйіндегі балаларға тегін спорт клубтарын ашуды мақсат еткен үлкен жобамен таныстым. Олар 2016 жылы Ресей бойынша 40-қа жуық клуб ашқан екен. Осы бастама маған шабыт беріп, Қазақстанда қолға алуды жөн санадым.
Мирослав Смирновпен байланысып қалай жұмыс жүргізу керегін сұрадым. Әрине, қаржылық жағын жүргізу мәселесі өте маңызды. Мысалы, бір залды ашу құны 2-5 млн теңгеге дейін аралықты қамтиды. Айта кетерлігі, біз спорт залдарын сатып я болмаса жалға алмаймыз. Залды тегін беру үшін жергілікті әкімдіктердің көмегіне жүгінеміз. Олар бізге қолдау көрсетеді. Залды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді өз мойынымызға аламыз. Алғашқы спорт алаңы елордада ашылды.
Сарыарқа ауданының әкімдігі № 49 мектептің алаңын пайдалануға берді. Ашылу салтанатына мектеп директоры мен ауданның білім бөлімінің басшысы және спортшылар қатысты. Алғашқы залды жасақтауға 3 млн-дай қаражат кеткені есімде. Алғаш ашылған спорт клубында дайындалған балалар қазір республикалық жарыстарға қатысып бақ сынап жүр.
«Батыр боламын» қорын ашудағы басты мақсатымыз, спорт арқылы балаларды тәрбиелеу. Ата-аналарының жағдайы бар балалар онсыз да спорт үйірмелеріне қатысады. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалары отбасылар, сонымен қатар жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың да салауатты өмір салтын сақтап, спортпен шұғылдануына мүмкіндік болуы керек. Сол үшін спорттық үйірмелерді республикадағы алыс аймақтарда ашамыз. Жалпы қор 2017 жылдың желтоқсан айында құрылды.
– Бүгінгі күні қанша алыс ауылдарда, елді-мекендерде тегін спорт үйірмелері ашылды?
– Қазіргі уақытта еліміз бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы, Қарағанды облысында, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында толық жабдықталған тоғыз зал ашылды. Келесі 10-шы залды Атырау облысы Абай ауылында ашуды жоспарлап отырмыз. Үйірмеде қазақша күрес, бокс, күрес, дзюдо және т.б. секциялар бойынша балалар дайындала алады.
Үйірмелер алыс ауылдарда ашылғандықтан жергілікті бапкерлерді тағайындаймыз. Олардың айлығы демеушілер есебінен төленеді. Кейбір өңірлерде әкімдіктермен бірігіп, олардың айлығын жергілікті атқарушы органдар есебінен төлену қарастырылған. Қазіргі кезде барлық ұйымдастыру жұмыстарымен менің серіктесім Арман Уақап айналысып жүр. Барлық демеушілерді табу, спорт залдарын жабдықтау жұмыстары соның мойнында.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Жақында Алматыда 7-ші спорт залының ашылуы өтті. Бұл залда 100-ден астам бала оқиды. Қазір бокс, күрес, каратэ және айкидо бойынша сабақтар өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли қатысты. Кәсіби боксшылардан Әли Ахмедов, Жанқош Тұраров және әртістер бой көрсетті.
Одан кейін 8-ші залды Шығыс Қазақстан облысындағы Қайнар ауылында аштық. Ол жерде әлі бапкерді таба алмай отырмыз. Себебі, алыс ауыл болғаннан кейін сырттан келген бапкер болса, оның баспана мәселесін шешіп беруге тиіспіз. Көп жағдайда жергілікті әкімдіктердің көмегіне жүгінеміз.
Алдағы бір айдың ішінде 10-шы залды ашу жоспарлануда. Жыл аяғына дейін тағы 10 зал ашу көзделген. Жоспарымыз бойынша 2022 жылы 100 зал ашу, 2025-тен 2030-ға дейін балаларға арналған тегін спорт залдарын 1000-ға дейін жеткізсек деген ойымыз бар.
Жалпы айтқанда қайырымдылық жасауға қоғамда оң көзқарас қалыптасты деп айтуға негіз бар. Қайырымдылық бар жерде береке мен ырыс болады. Сондықтан жас кәсіпкерлер тарапынан қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қайырымдылық көрсеуге тырысу жақсы бастама деп есептейміз.
Әлемдік аренада қазақстандық жастардың спорт саласында белсенді екенін көріп, есіп жүрміз. Қуанарлық жағдай. Осы қарқынмен жас ұрпақтың спортқа жақын болуы үшін күш салуымыз керек. Өйткені, спортпен шұғылданып жүрген жеткіншек ішімдікке, темекіге әуес болмайды.
– Осындай ауқымды шараларға қаржыландыру көздерін қалай табасыздар?
– Көбіне спорт залдарын ашуға шағын және орта кәсіпкерлердің демеушілік көрсетуімен жүзеге асады. Үйірмелерді ашу өз алдына одан кейін әр өңірдегі балалардың республикалық деңгейдегі жарысын ұйымдастыруды да жоспарлап отырмыз.
Мысалы, өзге қалаларға шығып, өз бақтарын сынап көрсе, қандай жақсы болар еді. Тіпті, халықаралық деңгейге шығуда да армандаймыз. Демеушілер табылса, барлығын іске асыруға болады деп есептеймін. Жақында республикалық деңгейдегі сайысқа екі бала мен бір жаттықтырушыға барлық шығындарын есептегенде 200 мың теңге кетті. Ал біз барлық балалардың жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуын қалаймыз.
Айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаласында бірінші зал ашылған кезде мен жетекшілік ететін «Стальная марка – Алматы» ЖШС барлық шығындарды өтеді. Екінші залды ашар кезде «Полиметалл Евразия» компаниясы қаржылай қолдау көрсетті. Ал Жезқазғанда ашылған спорт залда жетімдер үйінен тәрбиеленіп шыққан жігіт өзі тегін балаларға бапкер болуға ұсыныс айтқан болатын.
– Балаларға спорт арқылы тәрбие беру басты мақсатымыз дедіңіз. Спорттық шаралардан өзге қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Біз ашқан спорт алаңдарының барлығында республика бойынша 800-дей бала тегін дайындалады. Оларға барлық жағдай жасалып отыр. Бәрімізге мәлім, алыс ауылдарда жаз шықса болды балалармен айналысатын ешкім жоқ, уақытын босқа өткізеді. Ата-аналары күні бойы жұмыста. Осындай жағдайды ескеріп, үйірмелерде психолог мамандарды да жұмылдырғымыз келеді. Өйткені, балалардың көбі өз болашағын қалай елестету керегін білмейді. Оларға бағыт-бағдар беру маңызды. Әр баланың өзінше жеке қабілеті бар. Бапкер мен психолог әр баламен жеке жұмыс жүргізіп, қалай қарым-қатынас жасау керегін білсе деген ойымыз бар.
Бір қызық жағдай есіме түсіп отыр. Жарыстардың бірінде тренерге І орынға 2000 теңге, ІІ орынға 1500, ІІІ орынға 1000 теңге берейік дедім. Үшінші орын алған бала, қайтар жолда алған мың теңгесіне мамасына гүл, папасына моншаға арналған сыпырғыш алды. Бұл баланың өз еңбегімен тапқан табысына ата-анасына алған сыйлығы. Осындай жағдайды өз көзімізбен көріп, балаларға бұдан да артық мүмкіндік бергіміз келеді.
– Мемлекеттік органдардан грант алу, жобаларыңызға қаржылық қолдау көрсету үшін әрекет жасап көрдіңіз бе?
– Оның барлығы өте күрделі. Біздің ұйымның мақсатын түсінетін, балаларға көмек көрсетуге тырысатын мемлекеттік орган болса, әрине біздің де жұмысымыз алға жүретін еді. Мысалы, менде есеп-қисап жасайтын бухгалтер тегін жұмыс істейді. Балалардың барлық мәліметтерін жинақтай жұмыстары бар, бапкер табу, зал ашу үшін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу керек. Осының барлығын Арман екеуміз тегін жасап отырмыз.
Біз де тұрақты жұмыс орнын ашқымыз келеді. Оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі ғой. Бастапқыда бір шенеунікке барып, жоспарымды айтқанда жылы күліп шығарып салған. Ешқандай да көмек көрсеткен жоқ. Шын мәнінде біз балалар үшін жағдай жасағымыз келеді. Ал кез келген мемлекет болашағына аянып қалмауы керек. Осы бағытта бізге қолдау білдіретін жандар болса, алдымен өздері үшін үлкен сауапты іс деп есептеймін.
– Есенбек, сіз бұған қоса жеке кәсіпкер ретінде де белгілісіз. Осы ретте, өзіңіздің бизнесіңіз жайында айтып өтсеңіз?
– Менің кәсібім металл сатумен байланысты. Командамызда қызметкерлеріміз бар. Оларға тұрақты жалақымен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл салада жүргеніме 11 жылдан асты. Басқа жұмыспен айналысқым келмейді.
Әр адам өз жұмысын жақсы көрсе, сол салада барынша жетістікке жетуге тырысады.
Қолынан келгенде өз ісін дамытуға ұмтылады. Қанша мәрте қателессем де, қолымды бірақ сәлтеп кетіп қалған жоқпын. Керісінше, әр кедергі, әр сәтсіздік мені шабыттандырды. Алдымызға биік белестер мен нәтижелі қадам жасауды жоспарлаймыз.
Әлеуметтік қызметкер өзімен және қоғаммен қалай үйлесімді өмір сүру түсіндіріп берді
Өскелең ұрпақты білікті етуді мақсат тұтқан қазақ қызының «Сөйле» әлеуметтік жобасы
Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қалай құруға болатындығы туралы әңгіме
Балаңызды гаджеттердің зиянды әсерінен қалай қорғауға болады