Қазақстандық компания өз қызметкерлеріне пәтер алып береді, отбасылық демалысқа аттануға қолдау көрсетеді десе, сіз сенер ме едіңіз?
Бүгінгі кейіпкеріміз Алия Имангалиева дәл сондай компанияны басқарып отыр. Қазақстан аумағында ПВХ және алюминийден профильдерді жеткізетін Anescom компаниясындағы қызметкерлерді сыйақылау жүйесі еліміздің 9 миллионға жуық жұмысшыларына арман.
Алия Серікқызы қызметкерлерін жаңа жетістіктерге итермелеу және адал қызметі үшін алғыс айту мақсатында өз компаниясына арнайы мотивациялау жүйесін енгізген. Ол компания мен қызметкерлердің мүдделерін біріктіру, сонымен қатар, жұмысшыларды жаңа жетістіктергешабыттандыру жолында ұстанатын қағидалары туралы өз сұхбатында айтып берді.
Компания туралы
Anescom - отбасылық шағын бизнес бастамасынан өсіп шыққан компания. Кәсіпті жолдасым екеуіміз бастадық. Компанияның құрылған кезінен бастап жанымызда болған әр қызметкер отбасымыздың мүшесі сияқты болып кетті. Қызметкерлерге қатысты осындай көзқарас он жылдам астам тарихы бар кәсібіміздің құлашын кеңейтті. Еліміздің батыс өңіріндегі ірі компаниялардың біріне айналуына септігін тигізді. Бүгінде біз 65-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отырмыз.
Жетістікке жетелейтін принциптер
«Өзгерісті өзіңнен баста» демекші, компанияның мақсатқа жету жолында ұстанатын принциптері мен қағидалары бар. Олар - адалдық, шыншылдық және жауапкершілік.
Бұл қағидаларды өзіміз де ұстанамыз, қызметкерлер арасында да насихаттаймыз.
«Бір мақсат, бір мүдде»
Корпоративтік мәдениет ең алдымен, адамдардың бір-біріне сыйластығынан басталады деп ойлаймын.Мен адалдықты, шынайылықты жақсы көретін адаммын. Бизнесті ашық жүргіземін. Соны әріптестерімнен талап етемін. Жұмыстағы процесстерді әділ атқаруға, тұтынушыларымызға қызметті адал көрсетуге шақырамын. Адалдық бар жерде адамгершілік болады. Адамгершілік достыққа ілеседі, достық ізгілік пен ынтымақтастыққа шақырады. Сондықтан, компаниямызда озат тәжірибелерге негізделген ішкі корпоративтік мәдениет қалыптасқан. Жалпы, компания басшылығы өз қызметкерлеріне жайлы орта қалыптастыра білуі керек.
Қалыптасқан ортамызға жаңа адам іздегенде, оның біздің командамызға сіңісіп кетуін, құндылықтарының компания принциптеріне сәйкес келуіне назар аударамын. Бұл басшылық үшін де, қызметкерлер үшін де өте маңызды. Білікті маман адами қасиеттерден ада болмауы керек.
Қызметкерлерді мотивациялау жүйесі туралы
Адами ресурс - бизнес-процестің ажырамас бөлігі. Сол себепті «еңбек резервтері» сапасының тұрақтылығын қамтамасыз ету және ұжымның өнімділік деңгейін үнемі өлшеп отыру маңызды. Тұтастай алғанда компанияның да, жеке қызметкердің де тиімділігіне әсер ететін шешуші фактор - бұл мотивация деңгейі.
Біздің компанияның мотивациялау жүйесі SMART алгоритмінің негізінде құрылған. Аталған алгоритм бойынша қызметкерлерге берілетін тапсырмалар белгілі бір мақсатқа көрсетілетін уақыт ішінде қолжетімді болуы керек.
Қызметкер өзіне артылған жұмысты қашан, қалай тапсыру керектігін білген кезде оның мақсатқа жетуге ынтасы артады. Қойылған мақсаттарға жету үшін марапаттау бағдарламалары қарастырылған. Қызметкердің сыйақысы оның атқарған жұмысының сапасына байланысты.
Абыройлы атқарылған адал қызмет жемісті болу керек деп есептеймін. Компаниямызда «13-ші жалақы», қызметкерді отбасымен шетелге демалысқа жіберу секілді қолдау шаралары қарастырылған. Алты жылдан астам жұмыс істеген екі қызметкерімізге компания несиеге пәтер сатып алуда қолдау көрсетіп, банк алдында кепіл болдық.
Жақсы басшы болудың құпиясы
Адам күні адаммен. Жас көшбасшыға айтар басты кеңесім, негізгі моральдық стандарттан алыс болмаңыз. Адал, қызметкерлерге үлгі болыңыз, кәсіби қабілеттеріңізді үнемі дамытыңыз. Өзгерістерге, жаңашылдыққа ашық болыңыз, командада тәжірибелі адамдармен қарым-қатынас орнатыңыз, бизнесті ашық жүргізіңіз. Сол кезде ғана кәсіпте жолыңыз болады.
Отбасы мен кәсібін қатар дөңгелетіп отырған іскер әйел.
Осы мақаланың кейіпкері Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп саласы әйел келбетіне ие екендігін дәлелдейді.
Қазақстандағы алғашқы әлеуметтік кафесінің негізін қалаушысымен сұхбаты
Қоғамда қайрымды жандар аз емес
Әлеуметтік қызметкер өзімен және қоғаммен қалай үйлесімді өмір сүру түсіндіріп берді
Өскелең ұрпақты білікті етуді мақсат тұтқан қазақ қызының «Сөйле» әлеуметтік жобасы