Ертай Сәрсенов: «Жігітке жеті өнерде аз»

Шеберлікті басты кәсібі қылып отырған Ертай әшекей бұйымдарды таңдауда неге мән беру керектігі туралы бөлісті

    поделиться
Автор: Нурлан Нұрыш 28-01-2022

 

Бүгінгі кейіпкеріміз өне бойына ата-бабасынан дарыған ерекше, әрі шыдамдылықты талап ететін өнерді меңгерген. 

- Әңгіменің басын жеке кәсібіңізден бастасақ. Қай жылы қолға алынды?

- «Шеберлік атадан қалған мұра» дейді ғой. Менің бұл өнер түріне қызығушылығым мектеп қабырғасында басталды. Әкем де сол мектепте еңбек пәнінің мұғалімі болды. 5 сыныптан бастап, сыныптағы ер балалардың барлығына делік дәл осы өнердің қыр-сырын үйрете бастады. Әр ісімізді жіті қадағалап отыратын. Мектептегі электр станоктарымен жұмыс жасау да қызық болатын. Басқа сабақтардан қашып, осы еңбек пәнінің кабинетіндегі станоктардың айналасында жүретінбіз. Осындай қызықты кезеңдер болған. Ал зергерлік кәсібіме келетін болсақ, алғашқы шеберханамды 2009 жылы аштым. Өзімнің туып өскен жерім Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданынан басталды. Оған дейін 2018 жылы еліміздің мәдени астанасы Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетін тәмәмдап, Серікқали Көкеновтің «зергерлік өнер» жайында шебердің дәрісін тыңдап, бітірдім. Осылай алғашқы шеберханамды өз ауылымда аштым. Қосымша мектепте сабақ бердім. Дәл осы кезеңнен менің зергерлік жолымның алғашқы қадамдары басталды десек болады. Зергерлікпен бірге: қобыз, астау, ағаштан әртүрлі бұйымдар жасап келемін. 


 

Шеберлік атадан қалған мұра

- Бір бұйымды жасауға неше уақыт кетеді?

- Негізі қиындығына байланысты ғой. Қарапайым қазақша өрнекпен өрнектелген сақинаны жасаудың өзіне 1 күн кетеді. «Құдағи» жүзік деген болады. Оны жасау үшін 3 күнімді соған арнаймын.  Таңғы сағат 8-ден бастап, түнгі 12-ге  дейін отырғанның өзінде 3 күндік уақыт кетеді. Бұл жерде жұмыстың техникасына, тәсіліне байланысты созыла береді. Әрине қиын тәсілді жұмыстарға көп уақыт кетеді. «Шұқыма» жұмыстары көп қой.

- Бұйымды жасау барысында қандай технологиялар қолданылады?

- Жұмыс барысында әртүрлі тәсілдері болады. Мысалы, кесіп алу дейді. Орысша айтқанда «выпиловочная техника». Сол сияқты сымкәктау, құйма, сіркілеу сияқты тәсілдің де түр-түрі бар. Және бір қызығы, атап айтқан тәсілдердің барлығы қазақтың әр өңірінен шыққан. Сіркілеу тәсілі Қазақстанның Батыс өңірінде пайда болса, білезікті жалпақ етіп кесіп алу техникасы Орталық және Оңтүстік, құмай жұмыстары Шығыс өңіріне тән тәсіл. Осы тәсілдердің барлығын жұмыс барысында қолданамын. Жаңадан инновациялық тәсілдері шығып жатыр ғой. Мысалға, «мультикам» аппараты. Мен өзім осы құрылғыларды ешқашан қолданбаймын. Менікі дәстүрлі ата кәсіп. Қазақтың кезіндегі сол көне тәсілі. Баяғыдан келе жатқан құрылғының бірі «вальца» - қолмен таптау арқылы жасалады. Сол сияқты «сымсуыр» да бар. Ал қазіргі шеберлер жаңа технологиялар арқылы жасайды. Былайша айтқанда, робот сен үшін барлық жұмысты жасап береді. Робот арқылы сен жасалған бұйымның 30% ғана істейсің. Мен мұны өнер деп санамаймын. Осылай қазіргі кезде көбісі құрылғы арқылы жасап, өздерін шебер санайды. Бір сақинаны жасау үшін 3-4 күн жіберсеңде, 100% өз қолыңнан шығуы керек. Қолөнер деп сол үшін айтқан емес пе?

- Көбіне қандай металл, не тастармен жұмыс істейсіз?

- Мен металдардан күміспен ғана жұмыс істеймін. Жалпы қазақ халқы бұрыннан қолданып келе жатқан металдың бірі ғой. Қазақ күмісті қастерлеп, қасиетті металл ретінде санаған. Күмістің адам денсаулығына да пайдасы көп. Медицинада да күмісті қолданады. Дезинфекциялық қасиеті бар. Әлемде 1500-дей адам ағзасына зиянды бактериялар болса, соның 700 түрін осы күміс өлтіреді екен. Яғни, бұл біздің табиғи «антисептик» десек де болады. Кезінде қамыр илеген кезде қыздар саусағында міндетті түрде күміс жүзігі болуы керек, қамырды күміссіз илесе харам деп санаған екен ертедегі қазақтар. Осыған ұқсас аңыз әңгімелер өте көп. Сондықтан мен көбіне күміспен жұмыс істеймін. Тастардан: «ақық», «нефрит», «бирюза», «агат» дегендерді жұмыс барысында қолданып жатамын. Айтпақшы, «нефрит» Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың сүйікті тасы болған екен.

- Қолөнер бұйымдарын сатып алу барысында неге көңіл бөлу керек?

- Қазіргі таңда бұйымдар сапасыз болып келеді. Іші басқа металдан, ал сырты жылтырлап тұрады. Цинк, олов, латулнан құйылып, кейін бетін күміс не, алтыннан булайды. Оны «опыления» деп атайды. Солай бағалы әшекей ретінде сата береді. Маған көптеген адамдар бұйымдарын алып келіп, басқа әшекей жасағылары келеді. Балқытып қарасам басқа металл болып жатады. «925 сынамасы туралы бар ғой» деген адамдар да болады. Оның қою жолы оңайырақ қой. «Подпольно» шет елден алып келінген соң осылай болып жатады. Өзімнің тұтынушыларыма айтамын: «өздерің білетін шеберлерден ғана сатып алыңдар» деп. Сонымен қатар, бұйымдарды отандық шеберлерден  сатып алған дұрыс деп ойлаймын.

Шебер болып өмір сүру өте қиын, шеберліктен де басқа қосымша жұмыс алып жүрмесең болмайды

- Біздің елде қолөнер шебері болып, жамап-жасқанбай өмір сүруге бола ма? Жалпы табыс көзі қалай?

- Шебер болып өмір сүру өте қиын, шеберліктен де басқа қосымша жұмыс алып жүрмесең болмайды. Өйткені бұл іс арқылы жақсы пайда алып келуге болады дегенге әзірге сене алмаймын. Корановирустан кейін шеберлерге өте қиын болды. Яғни, адамдардың қаражаты азайып бұйымдарға деген сұраныс та болмады. Осы іспен айналысатын біраз таныс достарым індеттің өршіп тұрған кезінде құрал-саймандарын сатып, басқа іспен айналысып кеткендері де бар. Солай көптеген шеберханалар жабылып қалды. Себебі, жалға алынған бөлмелердің де құнын шығару қиындап кетті. Мен де солай, өз шеберханамды үйге көшіріп алдым. Жоғарыда айтып өткенімдей, шеберлердің көбісі: мемлекеттік қызметке, дүкенде сатушы сияқты күн-көрістің ебін іздеп кетті. Бұл өнердің жәй дарымағанын ескере отырып, төл өнерімізді, рухани құндылықтарымызды осы өнер арқылы халыққа жеткізу парызым деп білемін. Сондықтан да шама-шарқымыз жеткенше жетелеп келеміз.

- Қазақтың ұлттық нақышында жасалған бұл бұйымдарды әлемге қалай таныта аламыз? Әлемдік нарыққа қалай шығарсақ болады?

- Қазіргі күнге дейін ұлттық нақыштағы бұйымдардың популяциясы жақсы болған. Шет елде түрлі көрмелер ұйымдастырып, басқа елдің азаматтары қызығып алып жататын. Тағы да сол індетке байланысты. Осының барлығы тоқтап қалды. Бірақ, әлемді жайлаған осы дерт біткеннен соң, барлығы орнына келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар, сіздің сұрағыңызға байланысты қоса кетейін. Менің ойымша Үкімет тарапынан қолөнер шеберлеріне жағдай жасау керек. Мысалы, шет елге апарып, олардың мәдениетімен, ұлттық құндылықтарына қатысты бұйымдар жасауда тәжірибе алмасу керек. Солай олардың да шеберлерін шақырып, түрлі көрмелер ұйымдастырылуы қажет. Бізде зергерлік бұйымдардың сапасы жоғарғы деңгейде. Шет елден міндетті түрде сұраныс болады. Сонымен қатар, дәстүрлі бұйымды қазіргі заман талабына сай етіп жасауымыз қажет. Қазір зергерлік өнерде адам абстракциялық тәсілді жақсы көреді. Осы тәсілге төл нақыштың бір элементін қоссақ, адамдар қызыға да қуана алады. Осылай шет елдік нарыққа да шығарсақ болады.

- Бұйымдарыңызды тек әлеуметтік желі арқылы сатасыз ба, әлде басқа да бағыттары бар ма?

- Иә, бұрын көрмелер арқылы бұйымдарды сататынбыз. Қазір тек әлеуметтік желі арқылы. Егер бұйымдарды нақышына келтіріп, жоғарғы сапада жасасаң, сатып алған адам таныстарына айттып, олар да келеді. Осылай да өткізіп жатамыз. Байқағаным көптеген зергерлер тауарларын блогерлер арқылы жарнама жасатып сатады. Иә, қазір әлеуметтік желі деген жақсы дамыды.

- Кәсібіңізді  дөңгелету үшін қандай жоспарыңыз бар?

- Жоспар өте көп. Қазір Үкімет тарапынан халыққа жақсы жағдай жасап жатқаны өзіңізге мәлім. Соның ішінде көптеген үйірмелер ашылып жатыр. Мен де үйірме ашып, жеке шәкірттерімді тәрбиелегім келеді. Оларға осы өнердің қыр-сырын көрсетіп, қазақ жастарын осылай рухани шабыттандырғым келеді. Осылай зергерлік өнерді де дамытсам деген ойды жүзеге асырғым келеді. Бұйырса оған да қол жеткіземін.

Бұл баяндама Америка халқының көмегі арқасында Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын "Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы" аясында дайындалды. MyBusiness.kz ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты және ол ақпарат USAID-тың немесе Америка Құрама Штаттары үкіметінің немесе Internews пікіріне сай келмеуі мүмкін. USAID әлемдік жетекші халықаралық даму агенттігі және тұрақты дамуға қол жеткізу катализаторы болып табылады. USAID АҚШ ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық өркендеуді арттыру бойынша жұмыс атқарады, америкалықтардың жомартығын көрсетеді әрі тұрақты дамуға үлес қосады.

КОММЕНТАРИИ
0
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Күйзелісті қалай жеңуге және әрі қарай жұмыс істеуге болады?
15-02-2022–

Егер Сіздің бизнесіңіз тонаушылардан зардап шеккен болса, күйзелісті қалай жеңуге болады?

Бизнестегі тәуекел: сәтсіздік қорқынышын қалай жеңуге болады?

Тәуекелге баруды және бәрін жоғалтудан қорықпауды қалай үйренуге болады

Айнұр Умаева: «Бизнеске арналған сиқырлы дәрі – коммуникациялар»

Неліктен бизнесте коммуникация маңызды және корпоративтік мәдениет соңғы қызметке қалай әсер етеді

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!