Әлия Асылбекова: «Кәсібі кәдімгі шығармашылық»

Бүгінгі кейіпкеріміз бизнесін табыс көзі емес, шығармашылық деп санайды.

    поделиться
Автор: Нұрқанат Бұқабаев 18-04-2022

 

Тағаммен қарынды тойдырып қана қоймай, дәм татқанның алпыс екі тамырына айтып жеткізгісіз жақсылық дарытуға болады деген ұстанымда. Ол ресторатор ретінде тұңғыш қадамын жасаған Әлия Асылбекова. 

— Ресторан бизнесіне қалай келдіңіз? Осы салада жүргеніңізге қанша уақыт болды? 

— Ресторанның өзін биыл қаңтарда аштым, санап қарасақ төрт-ақ ай болыпты. Ал жалпы қоғамдық тамақтандыру саласында жүргеніме жиырма жыл. Күтпеген жерден орналасқан жері өте ыңғайлы, әрі жөндеу жұмыстарына дей істелген нысан табыла кеткен соң, неге ресторан ашпасқа деп, іске кірісіп кеттік. Осылайша ресторатор ретінде алғашқы қадам жасадым. 

— Ес білгелі бизнестесіз бе, әлде оған дейін кәдімгі айлыққа қараған қатардағы қызметкер болдыңыз ба? 

— Рас, ес білгелі, анығын айтсам, 21 жасымнан бизнестемін. Жалдамалы жұмыс істеп көрмеппін. Кезінде Кентау қаласында «Ең жас кәсіпкер» атанғаным бар. Әрине қазіргі уақытта 16 жасынан бастап кәсіп ашып алғандар бар ғой, ол кезде 20-25, тіпті 30 жастағы кәсіпкерлер саусақпен санарлық еді. 

— Қазақта әйел қазаны оттан, шәугімі шоқтан түспейтін шаңырақ шаттығын қорып отыратын образда екені бесенеден белгілі. Ол образдың көнеріп бара жатқаны да түсінікті. Сол дұрыс па? 

— Әйел затының тек қазан-ошақ басында отырғаны дұрыс емес деп есептеймін. Ол түсініктің көнеріп бара жатқанын орынды  атап өттіңіз. Себебі бүгінгі заманда ер адам ғана табыс тауып, әйелі соның айлығын күтіп отырғаны қисынсыз. Олар да қызмет етуге қақылы. Әйел мен ер адам тең деп білемін. Бала тәрбиесінде де екі тарап қатар атсалысқаны жөн. Ал үй шаруасы әлбетте ықылымнан бері біздің қазақта үнемі әйел затының мойнында. 

«АЗАМАТТАРЫМЫЗДЫҢ КӨБІ РЕСТОРАНҒА БАРУ МӘДЕНИЕТІН БІЛМЕЙДІ» 

— Өзіңіз кәсіппен шұғылданам дегенде, екінші жартыңыз, жақындарыңыз қандай пікірде болды? 

— Бизнеспен айналысуыма жарымның ешқандай қарсылығы болмады. Себебі бұл біздің отбасылық кәсіп. Балаларымыз да қолғабыс етеді. Ал күйеуім ешқашан мені жеке кәсіпкерсің деп сөккен емес, жұмысқа бірге барып, бірге келеміз. 

—  Әлеуметтік желіде белсенді екенсіз. Жазбаларыңыздың бірінде кәсіптен қол тимеген соң бала бағу, үй күтімі сынды шаруаны тындыратын сенімді маманым бар депсіз. Бизнес деп жүріп, балалардан алшақтап кетемін деген ой болмай ма? 

— Иә, үйде көмекшім бар. Ол кісінің өз графигі бекітілген, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін. Кейбір кездерде ғана ұзағырақ бола тұруын сұраймыз. Көмекшіміз үйдің барлық шаруасын тындырады. Сегіз айлық қызымыздың күтімі де сол кісінің мойнында. Балаларымнан алшақтаймын деп қорықпаймын. Үлкен екі балам да солай өсті. Екі қызымыздың үлкені балабақшаға барады. Өз басым бала таптым деп,енді үйде отыру керек деген түсінікті қуаттамаймын. Бастысы, баланы үш жасқа дейін күтіміне ерекше көңіл бөлсең, одан кейін ол да қоғамның мүшесі болады, яғни балабақша, мектепке барады дегендей. Ана бала тауып қана емес, өзінің сүйікті ісімен де айналысса құба-құп. Әрине, бұл ретте әркімнің өз пайым- пікірі бар. 

—  Арнайы парақшаны жүргізудің өзі бір төбе шаруа. Пост жазатын, ой тастайтын көмекшілеріңіз, райтер сынды мамандарыңыз бар ма? 

— Негізі үш парақшамыз бар. Біреуі жеке өзімдікі, екіншісі наубайхана бойынша, ал үшіншісі ресторан шаруасына қатысты. Үшеуінің де посттарын өзім жазамын. Тек арасында көмектесктін smm-маман бар. Оның өзінде барлық жарияланымдарын өзім тексеріп, мақұлдасып отырамыз. Сондай-ақ постты жоспарламаймын,  ақпараттық себеп болса,  шабытым келсе жазуға кірісемін.  Әрине, бизнес үшін әлеуметтік желінің маңызы бар. Бірақ бұл бағытта тұтас командамыз жоқ. Әзірге өз күшімізбен, мүмкіндігімізге қарай жүргізіп жатқан жайымыз бар. 

—  Жазбаларыңызға тағы оралсақ. Бір ретте біздің қоғамда ресторанды шайханамен шатастыратындар көп деп, өкпеледіңіз. Сонда азматтарымыздың арасында ресторанға бару мәдениетіне қандай баға берер едіңіз? 

— Негізі көпшілік ресторан десе, міндетті түрде ішімдік болу керек деп жаттанды түсінікке еріп кеткен. Олай емес. Біздің ресторанда ішімдік жоқ. Отбасымен, бала-шағамен келіп, түрлі дәмнен ауыз тиіп, әсем әуенге елтіп, керемет уақыт өткізудің жағдайын жасауға күш саламыз. Мысалы, әр сенбі бала кештерін ұйымдастырамыз. Арнайы аниматорларды шақырып, балалардың көңілін аулаймыз әрі балалар мәзірін ұсынамыз. Ал күнделікті күйбеңнен бір-бірімен тіл табысудан қалған ата-ана өзара емін-еркін әңгіме-дүкен құрады. Жексенбі бізде сурет салу кештері өтеді. Бұл күні пианист шақырамыз. Мұның бәрі өз қалтамыздан төленеді.

Басты мақсатымыз, тек пайда табу емес адамдарға рухани демалуға мұрша бере отырып, шығармашылық ләззат сыйлау. Шайханаларға еш дауым жоқ, бірақ ол жерден мұндай қызмет таба алмайсыз. Өкініштісі, алғашқы күндері біздің форматымызды көпшілік жатырқап, қиын қабылдады. Сондай-ақ ол постымда мен өкпеден бұрын кеңес бергім келген еді. Ресторанға бармас бұрын алдын ала жазылып, яғни бронь керек. Оны көбі білмейді. Атүсті келе салып, бес-он минутта барлық тамағының әзірлігін талап етпейді. Сол жағын ұқтырсам деген ой еді. 

«БИЗНЕС МЕН ҮШІН ПАЙДА КӨЗІ ЕМЕС» 

— Өз ісіңізде шетелдік тәжәрибеге қаншалықты жүгінесіз? 

— Ресторатор ретінде шетелдік тәжірибеге сүйендім деп айта алмаймын. Шетелге шықпағалы екі-үш жылдай болды. Ал наубайхана, тәтті нан пісіруде еуропалық үлгіні бастан-аяқ зерделеп, соған сүйендім. 

— Әлбетте, бизнес кірістің көзі, баққуатты болудың даңғылы. Одан бөлек, бизнес сіз үшін не? 

— Бизнес мен үшін пайда көзі емес. Бизнес, ең біріншіден мен үшін шығармашылық. Кезінде шетелде жүргенімде круасанды жеп көрдім. Сол кезде неге біздің азаматтар да таңғы уақытта осындай дәм татып, кофе ішпейді деген ой-арман келді. Міне, ол мақсатыма жеттім. Ес білгелі тамақтандыру саласында жүрген соң, мен үшін тапсырыс берушіні тойдыра салу емес, әр дәмге ерекше ықыласымды дарытып, жеген адаммен сол жылы пейіліммен бөлісу басты мақсат. Соны жұмысшыларымнан да көргім келеді. Себебі көңілсіз аспаз әзірлеген тамақтың энергетикасы да солғын болады. Ал бар жан-тәнін салып әзірленген тағам адамның қарнын тойдырып қана қоймай, ерекше әсер сыйлайды. Бизнесімді шығармашылығым дейтінім содан. 

— Кейіпкерлеріміздің көбіне қоятын дәстүрлі сауал. Бүгінде бай болуды үйреткіш, бақыттың кілтін табуға меңзегіш, тығырықтан шығарғыш һәм бизнеске баулығыш тренинг пен кітап, тіпті видео-тренингтер де қаптап жатыр. Расымен, олардың пайдасы бар ма? Өз басыңыз сондай мотиваторларға жүгініп пе едіңіз? 

— Трени нгтерге көп жүгінбедім. Брайн Трейсидің тренингінде болғаным бар, кітаптарын да оқыдым. Бірақ бір байқағаным, тренингке барғыштар қаптап барады. Ай сайын, тіпті аптай сайын тренингтен тренинг қоймай жүргендер бар. Оның түк қажеті жоқ. Егер бір мотивациялық ақпарат алсаңыз, соны үтір-нүктесіне дейін зерделеп, жүзеге асырған жөн. Жылына бір тренинг әбден жеткілікті. Ал адамның ақылын еселейтін таптырмас құрал — кітап. Кітап қымбат болғанымен, береріне құн жоқ. 

— Кәсіп ашамын деген жандарға беретін үш негізгі әрі құнды кеңесіңіз? 

— Біріншіден, арманыңа адал бол. Қандай қиындық болса да төзіп, бағыттан таймау. Екіншіден, сізден күтетін нәтижеден әркез жоғарырақ көрсеткіш көрсетуге күш сал. Аларыңнан берерің басым болсын. Үшіншіден, есептеуге ерінбе. Себебі, әр нәрсенің қисабы бар. Елеп-екшеп, арбамен қоянды да алуға болатынан ұмытпа. 

КОММЕНТАРИИ
1
Шынар
2022-05-12 01:45:21
Оте керемет
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Егер қозғалтқышты ұшу барысында өшірсеңіз, ұшақ құлап қалады
25-03-2022–

Сәтті бизнесті жарнамалауды тоқтатсаңыз, дәл солай болады

Пандемия кезіндегі және одан кейінгі бизнес
24-03-2022–

Проблемаларды қалай шешуге болады?

Қарлығаш Нұғыманова: «Жергілікті жердегі ұрлық сіздің бизнесіңізді қалай бұзуы мүмкін?»
18-03-2022–

Неліктен кәсіпкерлер өз командасынан алаяқтарды жазаламайды?

Өртеніп, қайта тірілу
17-03-2022–

Кәсіпкерлердің cәтсіз оқиғалары

Жалғыздық - cұмдық емес
14-03-2022–

Неліктен кәсіпкер үшін өзіңе үңілу маңызды

Мақсатты аудиторияңызды қалай дұрыс анықтауға және сақтауға болады?
04-03-2022–

Мақсатты аудитория: оны қалай анықтауға болады және онымен қалай жұмыс істеу керек

Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!