Бүгінгі кейіпкер тұңғыш бір миллион теңгесін 25 жасында тапты
Ол тұңғыш бір миллион теңгесін 25 жасында тапты. Ол әлеуметтік желіні хоббиі санайды. Ол әзілді жазбаларымен оқырмандарының көңілін көтергенді қалайды. Ол бүгінгі кейіпкер Данияр Қалдыбаев.
— Қазіргі кәсібіңізге келмес бұрын қай салада жұмыс істедіңіз?
— Жоғары оқуды аяқтай салысымен жекеменшік компанияда бір жылдай жұмыс істедім. Айта кету керек, айтарлықтай тәжірибе жинадым. Одан кейін кәсіпкерлікке ауысуды ұйғардым.
— Бизнеспен айналысамын деген шешімге келуге не түрткі болды?
— Жасым жиырма бесті маңайлап қалған кезде, барлық қазақ айтатын «бірдеңе істеу керек еді» дегенді өз-өзіме айттым. Себебі айлық шайлықтан артылмайды. Былайша айтқанда, өлместің қамы. Ал өз басым қымбат көлік мініп, жайлы үйде тұрып, шетел аралап, лайықты өмір сүргім келді. Сол үшін жеке кәсіпке бетбұрдым.
— Неліктен пицца желілерін ашуды ұйғардыңыз?
— Негізі пицца пісіру, аспаз болу бала күнгі арманым емес еді әрине. Бар болғаны, сол кезде бюджеттік шаманың шақ келгені де, достарымның құптаған таңдауы да сол пицца әзірлеу ісі болды. Әйтпесе, басқа бизнесті таңдаса да болар еді.
— Қандай кәсіп ашқанда да алғашқы қор, яғни істі бастап кетуге түрткі болатын капитал керек. Оны қалай жинадыңыз?
— Әпкемнің көлігі көмектесті. Қалай десеңіз, сол теміртұлпарды іс ашу үшін 1 миллион теңгеге сатып жібердім. Ол 2016 жыл еді. Оның үстіне, қазіргі әріптес екі досым да бір-бір миллионнан қосты. Осылайша, үш миллионмен кәсібімізді бастап кеттік.
— Бизнеске кіріскен соң, алғашқы қомақты кіріс немесе тұңғыш миллилон теңгеңізді қай уақыттан кейін таптыңыз? Ол кезде нешеде едіңіз?
— Алғашқы жарты жылда көк тиын кіріс көрмедік. Бір жылдан соң азынаулақ пайда көрдік. Одан тағы бір жыл өткен соң айына бес жүз мыңдай табыс таба бастадық, сол кезде алғашқы миллионға қол жеткіздік деуге болады. Жасымыз жиырма бесте еді.
«БІРНЕШЕ БИЗНЕСІМ БАР»
— Бірер уақыт бұрын үшінші пицца орталығын ашқалы жатырмыз дегеніңізді естідік. Сол жоспар орындалды ма?
— Пандемия қолбайлау болып, әзірге ашпадық. Оның үстіне, екі орталық жақсы жұмыс істеуде. Қызметкерлерді уақтылы айлықпен қамтамасыз етіп, өз ебімен жүріп жатқан жайы бар. Бизнес тілімен айтсақ, комфорт аймағындамыз және қаланы пиццериялармен жаулап алу секілді жойқын жоспарымыз да жоқ.
— Қателеспесем, жиһаз құрастыру ма әлде осыған ұқсас тағы бір кәсібіңіз бар. Екі түрлі бизнесті алып жүру қиын емес пе?
— Негізі екі емес, одан да көп бизнес салада жүрмін. Рас, әуелде қиын болады-ау деп ойлағанмын. Бірақ адамда бос уақыт деген жетіп артылады екен. Бастысы, ұйымдастырушылық және сенімді серіктестер керек.
— Қазақстанның бизнес климаты өте қолайлы болмаса да, кәсіп ашамын дегенге мүмкіндік көп деп жатады. Осы ретте өзіңіз не дер едіңіз?
— Өз басым мемлекеттік көмек, бизнес климат дегенге сене бермеймін. Бастысы, іс жүргізгенде ешкім кедергі келтірмесе болды. Ал үкіметтің жуырда үш пайыздық салықтан екі-үш жылға босатқаны құптарлық іс, әсіресе кәсіпкерлікке енді келгендер үшін зор көмек.
— Ал енді сіздің әлеуметтік желідегі белсенділігіңізге келсек. Әсіресе, фейсбук парақшасында жиі жазба жариялап тұрасыз. Байқағаным "мажор", яғни қалаталы қазақтың амплуасын алып жүрсіз. Бұл не үшін керек?
— Әлеуметтік желіде жазба жариялау — хоббиім. Белгілі бір діттегенім жоқ. Бірақ фейсбуктегі жазбаларым арқылы адамдардың көңілін көтеріп, өзім де серпіліп қалам. Бір жағынан түрлі жаңа таныстықтар осы әлеуметтік желінің арқасы.
— Жазбаларыңызда саяси сын да байқалады, еліміздегі кейбір қоғамдық қайшылықтарды шымшып алатыныңыз тағы бар. Бұл кәсібіңізге кері әсер етеді деп қорықпайсыз ба?
— Қорқатын ешнәрсесі жоқ деп ойлаймын. Мен өз азаматтық позициямды ғана білдіремін. Меніңше, жақсыны жақсы, жаманды жаман деу керек. Рас, әлдебіреулер әлеуметтік желідегі жазбасы үшін қамалды дегенді естіп жатамыз. Бірақ пікір білдіргеннің еш артық-кемі жоқ.
БИЗНЕС АШАМЫН ДЕГЕНДЕРГЕ ҮШ КЕҢЕС
— Кәсібіңізді жарнамалауға қаншалықты көңіл бөлесіз? Ол үшін көбіне қайда жүгінесіз теле-радиоға ма әлде интернетке ме?
— Теле-радиоға жарнама беріп көрмеппіз. Телевизиялық жарнаманың құны қымбат әрі әсері бар деп естідік. Негізінен жарнамада интернетке, оның ішінде әлеуметтік желілерге иек артамыз.
— Қазір тез байып кету жолын ұсынғыш, бизнеске баулығыш тренинг, кітаптар өте көп. Солардың пайдасы бар ма? Өзіңіз сондай мотиваторларға жүгініп көрдіңіз бе?
— Бірнеше тренингке бардым. Айтарым, тренингке бара сала бизнесмен болып шыға келмейсің. Мотивация береді. Бірақ сол жігерлендіруге өзің сенуің керек. Тренингке бармас бұрын, барғандардың пікіріне сүйенген жөн, әсіресе тәжәрибелі бизнесмендердің сілтемесімен таңдау жасасаң ұтылмайсың.
— Әлбетте, бизнес қомақты кіріс көзін табу екені белгілі. Одан бөлек, бизнес деген сіз үшін не?
— Біріншіден, пайда көзі. Екіншіден, отбасыңның ештеңеден таршылық көрмеуінің кепілі, бастысы балаңның болашағына құйылатын инвестиция. Үшіншіден, мықты бизнес — мықты мемлекет. Себебі, адамдарды жұмыспен қамтисың, айлық, салық төлейсің.
— Әлеуметтік желіге оралсақ. Бір жазбаңызда" Қазақстан халқына " қорына 2 мың теңге салып, тіпті оны президенттің жеке өзіне аударған электронды түбіртекті жарияладыңыз, оны әзіл деп түсіндік. Сұрайын дегенім, қайырымдылық жасап тұрасыз ба?
— Жақсы сұрақ. Өз басым жариялы түрде жақсылық жасағанды құптамаймын. Ал адамды қайырымдылық жаса деп мәжбүрлеу әбестік. Ондай шаруаға адам өзі келеді. Себебі қайырымдылықты екінің бірі жасай алмайды. Ол үшін ішкі дүниеңдегі тазалық қажет. Рас, бірталай адамға көмектескенім бар. Бірақ,«міне, мен бәлен дегенге демеу болдым»,— деп жар салу біртүрлі тұрпайы көрінеді мен үшін. Жақсылық жасағаныңды айтқан да дұрыс шығар, бұл ретте әркімнің пікірі әртүрлі.
— Бизнес ашамын деген азаматқа берер үш негізгі кеңесіңіз?
— Ең басты қағида қорықпау керек. Себебі болар іс болады, екінің бірі кәсіпкер болып кете бермейді, сол үшін бастап көрген жөн. Екіншіден, егер алғаш рет іс ашқалы жатсаңыз несие алмаңыз. Егер ісіңіз тоқырап қалса, банкке берешектен құтыла алмай, туыстардың ақшасын қайтара алмай тығырыққа тірелу қаупі бар. Өз жинаған қаржыңызды жаратқан жөн. Үшіншіден, адамдармен жиі араласыңыз, кісікиік болмау керек. Жаңа таныс — жаңа бизнес идея немесе қосымша мүмкіндік болуы мүмкін.
«Өмірден қалағаныңды алғың келе ме? Барлығы ойдан басталады»
Заман ағымына қарай қаржы әлемі де күннен күнге өзгеріп отырады
Бүгінгі кейіпкеріміз бизнесін табыс көзі емес, шығармашылық деп санайды.
Сәтті бизнесті жарнамалауды тоқтатсаңыз, дәл солай болады
Неліктен кәсіпкерлер өз командасынан алаяқтарды жазаламайды?