Ғазиз Жұмабеков: “Сазсырнай – емдік қасиетке ие қазақтың ұлттық аспаптарының бірі”

Нұр-Сұлтан қаласында 20-22 мамыр аралығында “Ұлттық өнім” көрмесі өтті.
Көрмеге әр қаладан отандық өндірушілер  қатысып, өздерінің өнімдерін ұсынды. Өндірушілер  арасында “сазсырнай” аспабын дәріптеп, сатылымға шығарған Ғазиз Жұмабеков болды.

    поделиться
Автор: Фариза Сайлау 30-05-2022

 

Бүгінгі кейіпкеріміз он саусағынан өнер тамған талантты жандардың бірі. Ол саз балшықтан түрлі бұйымдар жасап қана қоймай, жас буын өкілдерімен тәжірибе алмасқанды жаны сүйеді.

Ғазиз Жұмабеков Жезқазған педагогикалық институтының көркемсурет факультетінің түлегі. Мәскеу халықаралық шығармашылық фестивалінің лауреаты (1990). Еуроазиялық Дизайнерлер одағының мүшесі. Керамикамен 30 жылдан аса жұмыс тәжірибесі бар, ұлтымыздың ұмыт болған музыкалық аспаптарын зерттеп,  қазіргі жас ұрпаққа кеңінен насихаттап жүрген шеберлердің бірі. Бүгінгі сұқбатта өзінің өмір жолымен таныстырып, сазсырнай аспабының пайдасы жөнінде бөлісетін болады.

-Сазсырнай жасауды қалай бастадыңыз? Бұл отбасылық кәсіп пе?

-Бұл отбасылық кәсіп. Себебі 90 жылдары елде дағдарыс болды. Жалақы болмады,  халықтың материалдық жағдайы нашар болды. Елдер жан-жаққа көше бастады. Біздің отбасымызда да осындай қиыншылықтар болды. Бір ай жалақы алғанмен, келесі айда жалақы берілмеуі мүмкін болды. Сондықтан мен бұл дағдарыстан қалай шығуға болады деп көп ойландым. Мен өзім Қарағандыдағы Жаңарқа деген жерде тұрдым. Мысалға Қытайдан, Түркиядан тауар әкеліп, сауда жасай алмаймыз. Оған шамамыз келмейді. Сосын бір күні теледидардан қарасам, орыс апалар саздан жасалған кәдесыйлар жасап сатып жатыр екен. Шетелге сатып жатырмыз дейді. Сосын мен суретшімін ғой, неге маған жасап көрмеске деп ойладым. Содан шабыттанып кеттім де, саз балшық іздей бастадым. Жаңарқа деген сазды жер емес, құмды жер. Әзер дегенде саз балшық тапқанмын. Оны қыстыгүні өзеннен ломмен ойып, қазып әкеп содан бастағам. Басында әр түрлі кәдесый ретінде кішкентай жинақ сандықшаларын саттым, содан кейін сазсырнай жасап сата бастадым. Мінекей, осымен айналысып жатқаныма 30 жыл болды.

«Ұстазым – кітап»

-Сіздің ұстазыңыз кім болды? Сазсырнай жасауды жалпы қайдан үйрендіңіз?

-Менің ұстазым кітап деп айтуыма болады. Мен сазсырнай жасауды тәуелсіздік жылдары бастадым. Ол кезде қарап үйренетін ютуб болған жоқ. Тек 2005 жылдан бастап телефон ұстай бастадық. Біз барлығын кітаптан қарадық. Қаншама кітаптар оқып, үйрендік. Мен өзім Өзбекстанға бардым, Сарыағашта жұмыс істедім. Сол жақта шеберлер көп қой. Солармен сөйлестім, бірақ олардың көбісі құпиялармен бөліскісі келмей, айта қоймайтын. Сондай неше түрлі жағдайларды бастан кешірдім. Содан Қарағандыда кішкентай ысқыратын күшік мүсіндер болатын. Соны алдым да, бұзып ішін ақтарып көрдім. Соны қарап, зерттеп, жасалу жолының құпиясын біліп, үйрендім деуге болады. Сосын соны әрі қарай дамыттым. Былайша айтқанда барлығы содан басталды негізі.

-Негізгі мамандығыңыз қандай? Мамандығыңыздан бөлек қандай жұмыстар жасадыңыз?

-Мен суретші-мұғаліммін. 85-жылдары Жезқазған педагогикалық институтын бітіріп, ұстаздық еттім. Одан кейін үйлендік, балалар болды. Талай жерде жұмыс істедім. Циркте, хайуанаттар бағы мен мұражайда суретші болып жұмыс істедім. Одан бөлек мемлекеттік қызметте де істедім. Неше түрлі аққу, түйе, қасқырдың мүсіндерін жасадым. Тапсырыстарға әр түрлі суреттер салып, мүсіндер жасап жүрдім. Дегенмен негізгі қызығушылығым тасбақа мен сазсырнай жасау. Қалғанына қатты қызықпаймын. Үйімде бір гараж форма жатыр. Есіл дертім сол үйде болады үнемі.

-Шеберлік сағаттарын өткізесіз бе?

-Иә, менен шеберлік сағаттарын өткізіңізші деп көп сұрайды. Сұраған жерлерге барып, жастарға бар білгеніммен бөлісіп, үйретемін. Осыған дейін біраз шеберлік сағаттарын өткіздім. Бірақ мен қазір Қарағандыдамын, өзімнің жер үйімде осы сазсырнай жасаумен айналысамын.

-Шәкірттеріңіз бар ма?

-Шәкірттерім бар. Солардың ішінде Азамат Бақия деген шәкіртімді атап айтсам болады. Ол кісі конверваторияны бітірген сазсырнайшы. Алматыда Қастеев өнер мектебінде сабақ беріп жүргенімде мені іздеп келіп, ағай сіз қалай көп сазсырнай жасайсыз деп қызығушылық танытқан шәкірттерімнің бірі.

-Сазсырнайды алған әр адам оны үйреніп кете ала ма?

-Иә, әрине. Оны кішкентай баладан үлкен қарт кісілерге дейін қолдана алады. Ғаламтор желілерінен әуен ойнауды үйреніп алуына да болады. Одан бөлек бұл денсаулыққа пайдалы аспаптардың бірі.

«Сазсырнайдың емдік қасиетін таныту, оны жасауды үйрету – менің міндетім»

-Сазсырнайдың пайдалы туралы толығырақ айтып берсеңіз

-Дәрігерлердің өзі сазсырнайда ойнаудың денсаулыққа пайдалы екендігін айтқан. Адам өкпеге ауаны көбірек жинап, оны жай-жай шығарса өкпе қабаттарындағы шырышты қабық қатаяды екен. Егер оттегі көп бармаса, өкпеде суланып, вирустар тез еніп кетуі мүмкін. Ал шырышты қабығы күшті болса, иммунитетке жақсы әсер етіп, вирустардың тез еніп кетуіне кедергі болады. Бұл – дұрыс дем алу жаттығуы ретінде қарастыруға болады. Сондықтан сазсырнайдың емдік қасиетін таныту, оны жасауды үйрету – менің міндетім. Сазсырнайдың дауысы да көңіл-күйге жақсы әсер етеді, тыныштық сыйлап, медитация ретінде де қолдануға болады.

-Керемет, енді алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

-Енді мен бұны брендке айналдырғым келеді. Әдемілеп, күйдіріп, шынылап, қымбаттырақ тастар қойып халыққа ұсыну жоспарда бар.

КОММЕНТАРИИ
1
назгул
2023-11-15 22:23:42
Ғазиз Жұмабеков ұялы номер қайдан алуға болады екен

Ответ для назгул
Фариза
2023-11-22 16:58:53
87078594564

Ответ для назгул
Фариза
2023-11-22 16:58:53
87078594564
Подписаться на рассылку
Подписывайтесь на рассылку свежих материалов от нашего сайта и будьте знакомы с интересными людьми нашей страны, а также полезными рекомендациями и лайфхаками!