2025 жылдың 11 маусымында Халықаралық EXPOGOODS CENTRAL ASIA экспо-форумы аясында «EXPO» халықаралық көрме орталығында «Retail NEXT Central Asia: сауда және FMCG болашағы» тақырыбындағы Astana International Trade Forum-ның алғашқы сессиясы өтті.
Форумға маркетплейс өкілдері, сауда желілерінің топ-менеджерлері, дистрибьюторлар, өндірушілер және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысып, Орталық Азия елдеріндегі бөлшек сауда мен FMCG сегментінің даму трендтері, сын-қатерлері мен стратегияларын талқылады.
Іс-шараны ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Голамреза Нури, ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, сондай-ақ Пәкістан Ислам Республикасының Елшісі Науман Башир Бхатти ашты.
«CEO Talks: Ритейл көшбасшылары — 2025 бағыты» панельдік сессиясында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Асет Нүсіпов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, Alibaba (Қытай), Wildberries Kazakhstan, Halyk Finservice, Ресейдің бөлшек сауда компаниялары ассоциациясы және Freedom Lifestyle өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар Қазақстандағы электрондық сауданың дамуы, трансұлттық сауданың дамуындағы ритейлдің рөлі және тауарларды дрондармен жеткізу бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
«Marketplace Dynamics: гипербәсеке жағдайында цифрлық сөрелермен қалай жұмыс істеу керек?» атты сессиясында маркетплейстердің сатушыларға қоятын талаптары мен сату ауқымын кеңейту жолдары айтылды. Спикерлер қатарында Yandex Qazaqstan бухгалтерия бөлімінің басшысы Антон Хон, Korzinka Go (Өзбекстан) онлайн-супермаркетінің операциялық директоры (СОО) Умид Хошимов, TEEZ компаниясының даму жөніндегі бас директордың орынбасары Жанибек Искаков, LAMODA.KZ маркетплейс бөлімінің басшысы Айнұр Рахимжанова болды.
«Retail Access 2025 - Аймақтық деңгейден көшбасшыға айналу» атты сессияда табысты қазақстандық компаниялардың өкілдері сөз сөйледі. «Shin-Line Group» вице-президенті Дамир Дигай CU дүкендер желісін Қазақстанда іске қосу бойынша кейсімен бөлісті. «Спортмастер Қазақстан» өкілі Дияр Сәрсенов жеткізушілерге қойылатын талаптар туралы айтты. «Kimberly-Clark Kazakhstan» сату бөлімінің жетекшісі Илья Видяев компанияның серіктестеріне не ұсынатынын және оның бейімделу стратегиясын таныстырды. Отандық Parfum De Vie брендінің негізін қалаушы Нұрсұлтан Мұратбеков кәсіпкерлермен пайдалы кеңестерімен бөлісті. Ал Evrika Retail Group компаниясының операциялық директоры Дулат Меірбаев электроника нарығындағы өзгерістер туралы айтты.
«Алдын ала дайын инфрақұрылым: жедел шешімдер дәуіріндегі логистика және фулфилмент» атты соңғы сессияда қатысушылар логистикалық тізбектердің қазіргі заманның «1 сағат ішінде жеткізу» талабына бейімделу жолдарын талқылады. Осы орайда өз ұсыныстарымен Qazpost – YTO Еxpress бас директоры Ху Жуйци, IBC GLOBAL Орталық Азиядағы өкілі Роман Пак, “GxP Training” ЖШС бас директоры Әділжан Ойшынов, TEEZ компаниясының қойма логистикасы басқармасының басшысы Антон Иванов және “MOVATO LLP Kazakhstan” директоры Мирас Құсанов бөлісті.
Аталмыш форум 13 маусымға дейін өз жұмысын жалғастырады.
Өтетін орны: Астана қаласы, EXPO халықаралық көрме орталығы.
Форум ұйымдастырушысы: ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «Майер Экспо Азия» ЖШС
Қосымша ақпарат: https://expogoods.kz/kz